Түйсіну
Түйсіну (ағылш. Perception, лат. perceptio мағынасы "жинау", "қабылдау") — қабылданған сезімдік ақпараттарды, яғни сезінулерді ұйымдастыру, айқындау және түсіндіру, сол арқылы объектті бейнелеу, түсіну және өзгелерден ажыратудай маңызды сана қабілеті.[1] Оны әдетте сыртқы дүние шындықтарын сезім мүшелері өз ерекшелігі бойынша қабылдап, ақпараттарды реттеуден туған объекттің тұтас бейнесі деп түсіндіретіндер бар.[2] Әдетте сезімдік таным деп аталатын сананың төменірек сатысы Сезіну, Түйсіну және Елестету деп үшке бөлінеді, түйсіну сезінудің жинақылану сатысы және қайта елестетуге даярлық сатысы деуге болады.
Барлық түйсінулер жүйке жүйесі арқылы өтетін сигналдарды қамтиды, бұл өз кезегінде сезімдік жүйенің физикалық, не химиялық тітіркенуінен пайда болады.[3] Мысалы, көру көздің торлы қабығына түсетін жарықты қамтиды; иіс иіс молекулалары арқылы жүзеге асады; және есту ауа толқындарына қатысты.
Түйсіну бұл сигналдарды пассив қабылу ғана емес, сондай-ақ қабылдаушының оны оқуы, есте сақтауы, қалауы және зейіні арқылы қалыптасады.[4][5] Сезімдік қабылдау – бұл төмен деңгейлі ақпаратты жоғары деңгейлі ақпаратқа түрлендіретін процесс (мысалы, нысанды ажырату үшін пішіндерін қабылдайды).[5] Келесі процесс адамдағы ұғымдары мен қалауларын (немесе білімін), түйсінуге әсер ететін қалпына келтіру мен таңдау механизмдерін (мысалы зейін қатарлылар) байланыстырады.
Түйсіну жүйке жүйесіндегі күрделі функцияларға қатысты, бірақ субъективті тұрғыдан қарағанда өте оңай орындалатын іс құсап көрінеді, өйткені бұл процесс саналы ұғынудан тыс автоматты жүріседі.
ХІХ ғ-дағы эксперименталды психологияның пайда болуынан бастап психология әртүрлі әдістерді біріктіру арқылы түйсінуді түсіндіруге тырысты.[4] Психофизика сезімдік қабылдау мен түйсінудің физикалық сапалары арасындағы байланысты сандық тұрғыда сипаттайды.[6] Сезімдік неврология (Sensory neuroscience) түйсіну негізінде жатқан нейрондық механизмдерді зерттейді. Түйсіну жүйесі олар өңдейтін ақпарат тұрғысы бойынша есептеу арқылы да зерттеледі. Философиядағы түйсінулік мәселелеріне тек дыбыс, иіс немесе түс секілді сезімдік қасиеттердің түйсінуші санасындағы образына ғана емес, нақты сыртқы шындықта өмір сүруін де қамтиды.[4]
Дәстүрлі түсінікте, түйсіктер (senses) пассив қабылдау ретінде қарастырылғанымен, иллюзиялар мен екіұшты бейнелер туралы ізденістер мидың түйсіну жүйелері белсенді және алдын ала саналы түрде олардың енгізілуін түсінуге тырысатынын анық көрсетеді.[4] Түйсінудің ғылымға ұқсас гипотезаны тексерудің белсенді процесі екендігі туралы, немесе бұл процес шынайы сезімдік ақпаратты тексеруге жарамсыз екендігі туралы әлі де пікірталас бар.[4]
Мидың түйсіктік жүйелері тұлғаның қоршаған әлемді тұрақты әрі байсалды тануына мүмкіндік береді, бірақ сезімдік ақпарат бәрібір кемелсіз және тым тез өзгереді. Адам мен жануарлардың миы модулдік үлгіде құрылымдалған, әртүрлі аймақтар әртүрлі сезімдік ақпараттармен шұылданады. Бұл модулдердің кейбіреулері сезімдік карта формасында болып, ми бетінің бір бөлігіне әлемнің кейбір қасиеттерін картаға түсіреді. Бұл әртүрлі модульдер өзара әсерлеседі және бір-біріне ықпал етеді. Мысалы, дәмге иіс қатты ықпал етеді.[7]
"Түйіс" (Percept) Делеуз мен Гуаттари[8] түйсінушіден тәуелсіз түйсінуді анықтау үшін қолданған термин.
Физиологиялық негізі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Түйсінудің физиологиялық негізіне мидың аналитикалы және синтетикалы қызметі жатады. Өйткені сырттан әсер еткен тітіркендіргіштерге анализ жасамасақ, оның ерекшеліктерін толық анықтай аламыз. Толық анықтау үшін анализденген затты синтездеу керек.
Түйсіну процессінде бірнеше анализатор қызмет етеді. Кез келген жаңа затты түйсіну бұрыннан бар тәжірибеге және білім негізінде жүзеге асады. Сондықтан түйсіну процессінде бұрын қалыптасқан уақытша байланыстың кейбіреулері жанданып отырады.
Түйсінген кезде адам миындағы болып жатқан процесстерді физиологиялық негіз деп атайды. Түйсінудің түрлері сезіну түрлеріне қарайлас болып келеді.
Ерекшеліктері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Түйсіну тұтастығы - Түйсіну объектісі жеке қасиеттерден, бөлшектерден тұрғанымен біз оларды бүтіндей тұтас түйсінеміз. Сезіну заттардың жеке қасиеттерiнен ақпарат жинауға қажет, ал түйсінуда сол заттардың қарапайым бөлшектерi жөнiндегi бiлiктердi бiрiктiру арқылы тұтастай бейне жаратамыз.
Сезінуді құрайтын бөлiктер өзара өте тығыз əрi күштi байланысқан, мұны бiз сезiм мүшелерiмiзге кейбiр заттардың бiр қасиетi немесе бөлiгi ғана əсер етуденақ бiздiң санамызда сол заттың күрделi бейнесi туындайды (мақпал, мəрмəр тас). Мұндай танымның негiзiнде бiздiң бұрынғы тəжiрбиемiзде көру мен сипай сезу арасындағы шартты рефлекстi қалыптасқан байланыстар жатыр.
Тұтастық түйсінудің құрылымды болумен байланысты. Түйсіну көп жағдайда бiздiң мезеттiк сезінуімзге тура келе бермейдi, əрi сол сезінудiң қарапайым қосындысынан жасалмайды. Адам, əдетте, нақты сезінуден дербестенiп, дерексiзденген қорытынды құрылымды қабылдайды, ал бұл қорытындыға келу бiршама уақыт өтуiн талап қылады. Егер сiз қандайда бiр əуендi тыңдай қалсаңыз, алғашқы естiген нотаңыз келесi нота берiлгенше құлағыңыздан кетпей қояды. Əдетте, тыңдаушы үшiн əнкүй бiрiнен соң бiрi келетiн ноталарымен емес, бiртұтас əуенiмен мəндi.
Түйсінудің тұтастығы мен құрылымдығы бейнеленушi қоршаған дүние нысандарының шындыққа сай өзiндiк ерекшелiктерiнен туындайды.
- Түйсінудің тұрақтылығы - біз өзіміздің тәжірибемізге, білімімізге байланысты заттар мен құбылыстарды тұрақты түрде түйсінеміз. Түйсіну кезінде қабылданатын заттар мен құбылыстардың кейбір белгілері, түрлері, формалары өзгерсе де біз оларды бұрынғы қабылданған күйінде қабылдаймыз.
- Түйсінудің таңдамалылығы - Бізге түйсіну кезінде бірнеше заттар немесе құбылыстар әсер етуі мүмкін. Бірақ біз өзіміздің қажеттілігімізге байланысты біреуін ғана қабылдаймыз. Түйсінілген зат түйсіну объектісі деп аталады. Ал объектіден тыс қалған заттар түйсіну фоны деп аталады
- Аперцепция - Түйсінудің тәжірибеге, білімге, сенімге, әрекет нәтижесіне және мамандыққа тәуелді болуын апперцепция деп атаймыз. Апперцепция 2-ге бөлінеді: тұрақты және уақытша.
- Тұрақты түрі - адамның дүниеге көзқарасын, мамандығына, іс-әрекетіне және табандылық көрсетуіне байланысты.
- Уақытша түрі – адамның Түйсіну кезіндегі көңіл-күйіне және психикалық қалпына тәуелді болады.
Апперцепция жеке адамның түйсінуіне белсенділік сипат береді.
Түйсіну кезінде кейде қате түйсінулер кездеседі. Мұны психологияда иллюзия деп атайды. Илллюзияның ішінен көру иллюзиялары көбірек, жиі кездеседі. Көру илллюзиясы деп – заттардың алыстығын, түрін, көлемін қате түйсіну.
Кеңістікті пен уақытты түйсіну
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Біз дүниедегі заттар мен құбылыстарды белгілі бір уақытт-кеңістікте түйсінеміз. Уақыт пен кеңістіктен тыс жатқан нәрсе болмайды.
Кеңістік түйсінуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Кеңістік түйсінуі деп – дүниедегі заттар мен құбылыстардың белгілі бір орнын, мөлшерін, көлемін, алыс-жақындығын санамызда бейнелеуін айтамыз. Кеңістіктегі заттарды Түйсіну адам көзінен олардың қаншалықты қашық немесе жақын екендігіне байланысты. Қашықта тұрған затқа адам көз қысып қарайды, бұны көздің конвергенциясы деп атайды. Егер зат жақын болса, онда адам көз қабағын ашып қарайды, бұны көздің дивергенциясы деп атайды. Кеңістіктегі Түйсінуде, оның қашықтықты бағалауда иіс және есту сезімдері үлкен роль атқарады.
Уақыт түйсінуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Уақыт дегеніміз – дүниедегі заттардың өзгеріп, бір қалыптан, екінші қалыпқа көшіп, ескі заттардың өшіп жаңа заттардың оның орнын басып отыратынын айтамыз. Уақыттың кеңістік сияқты шегі болмайды. Уақыт - өткен шақ, осы шақ, келер шақтарға байланысты. Уақытқа байланысты түрлі сөздерді қолданамыз: кеше, бүгін, ертең.
Адамдардың адамды түйсінуі адам өмірінде үлкен роль атқарады. Адамның бет әлпетіне сүйене отырып оның қоршаған ортаға, оқиғаға қатынасы қандай екендігін айтуға болады.
Түйсінудің заттық тектiлiгі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Түйсінудің бұл қасиетi оның объектив болмыстық көрiнiсiмен түсiндiрiледi, яғни сыртқы дүниеден алынатын ақпарат көзi осы объектив дүниенiң өзiнде болуы. Заттай Түйсіну адамның тума қасиетi емес, ол өмiр бойы қалыптасып, iс-əрекеттiң барша саласында бағыттау,реттеу қызметiн атқарады. Қоршаған дүниенi заттай тану сол затпен жанасу барысындағы қозғалыс процестерiнiң негiзiнде орнығады (И.М.Сеченов). Қозғалыс болмаған жерде бiздiң Түйсінуіміз заттық қасиетiнен айрылып, сыртқы ортамен байланысқа келе алмаған болар едi.
Түйсінудің заттық негiздi болуы əрекет-қылықты реттеуде үлкен маңызға ие. Əдетте, бiз нақты нысанды басқалардан түрi мен сипатына қарай бөлмеймiз, бiз үшiн бұл жағдайда ең қажеттiсi оның тұрмыстық қажеттiлiкке жарайтын негiзгi қасиеттерi. Мысалы, пышақ кесуге жараса пышақ, болмаса əншейiн металл. Түйсіндегі басты мiндет осы қасиеттердi тану.[9]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Schacter Daniel Psychology — Worth Publishers, 2011. — ISBN 9781429237192.
- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Философия/жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. ISBN 9965-808-82-1
- ↑ Goldstein (2009) pp. 5–7
- ↑ a b c d e Gregory, Richard. "Perception" in Gregory, Zangwill (1987) pp. 598–601.
- ↑ a b Bernstein Douglas A. Essentials of Psychology — Cengage Learning. — P. 123–124. — ISBN 978-0-495-90693-3.
- ↑ Gustav Theodor Fechner. Elemente der Psychophysik. Leipzig 1860.
- ↑ Navigating Smell and Taste Disorders — Demos Medical Publishing. — P. 33–37. — ISBN 978-1-932603-96-5.
- ↑ Deleuze and Guattari, What is Philosophy?, Verso, 1994, p. 163.
- ↑ Жантану негіздері // Алматы,2006
|