Location via proxy:   [ UP ]  
[Report a bug]   [Manage cookies]                
Мазмұнға өту

Ана

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ана — отбасы ұғымында — балалы әйел, туған шеше; туыстық байланыста — әже, апа, қарындас, жеңге, балдыз, құдағи, құдаша т.б. Ана бейнесі ежелден жыр, аңыз желісі болып келе жатыр. Хауа Ана есімі қасиетті кітаптарға түскен. Хәууа — көне еврей және араб тілдерінде “өмір бастауы”, “әнам” — парсыша (кітаби) адамдар, адамзат, қарапайым жандар деген ұғымды білдіреді. Ананың көшпелілер қоғамында алатын орнын, бітім-болмысын жан-жақты ашып көрсететін мұрағаттарды қадым замандардан көптеп табуға болады. Зерттеушілер Қазақстан жеріндегі археологиялық қазбалардан табылған заттарға, кісіні жерлеу ерекшеліктеріне сүйеніп, ежелгі дәуір адамдарының ұғым-нанымында ру басшысы және ошақ иесі ретінде Анаға табынғандығын жазады. Бұған Қазақ даласынан табылған сүйектен ойып, тастан қашап жасалған әйел мүсіндері куә. Қазақстанның солтүстік-батысындағы байтақ даланы, Оралдың оңтүстігін мекендеген сарматтарды (б.з.б. VІІ—VІ ғ.ғ.) Әйел-Аналардың басқарғандығы жөнінде деректер бар. Қазақ қоғамындағы ел аналары мен әйелдердің жайы осы өңірде болған саяхатшылардың да қаламдарына іліккен. Мыс, Дешті-Қыпшақ даласында болған Ибн-Баттута, Марко Поло т.б. әйелдердің жергілікті тұрғындар тарапынан қатты құрметтелетінін таңдана жазған. Ерлер билігі үстемдік еткен дәуірде де қазақ қоғамында Аналар мерейі төмендетілмеген. Қазақстан жеріндегі Аналар атымен аталған жер-су, кешендер, күмбездер, қалалар, тайпа-ру атаулары бұған айқын айғақ бола алады. Мысалы, Қозы Көрпеш — Баян сұлу күмбезі (Аягөз өзені бойында), Бикен-мұнара (Сырдария бойында), Белең-Ана, Жұбан-Ана күмбездері (Сарысу өзенінің бойында) сақталған. Жеке ескерткіштерді былай қойғанның өзінде, орта ғасырлық талғам-түсінікпен тұтас бір қаланың әйел атымен аталғаны дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте қазақ даласында Қатын қала, Баршынкент т.б. болғанын атап айту керек.

Тарихи -дерекнамалық еңбектерде қазақ ішіндегі қасиетті Аналардың ел басқару ісіне араласып, кейде олардың есімімен тұтас ру-тайпалардың аталу фактілері көп кездеседі. Мысалы Енең (шын аты Бөкей), Домалақ-енең (Албан-Суан, Дулат руларын кейде осылай атайды), Қызай (Найман), Дәулетбике, Алтын, Мәукеш, Айбике, Нұрбике, Ұлдай, Жезбике, Нәнжіл т.б. Аналар есімдері ру атына айналған. Тіпті, кейбір қазақ руларының елдігін танытатын ұрандары да Ана есімімен аталған. Мысалы, Арғыннан тарайтын сүйіндік руының ұраны да — Қызай т.б. Халық болмысының айнасы іспеттес фольклорымыздан (ертек, аңыз, әңгіме, жыр, шешендік сөз, қисса-эпостарымыздан) қиял-ғажайып мыстан кемпірден басқа жағымсыз әйел бейнесін кездестіру қиын. Оның орнына Құртқа, Гүлбаршын, Қаракөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян сұлу, Айман, Шолпан, Қарашаштың бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік-ерлігімен елге қорған, ұрпаққа Ана болғанын көреміз. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптардың қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда Ананың қызметі айрықша. Аналар әуелі үй-ішімен, отбасы береке-бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса, ауыл-ел ынтымағының жарасуына ықпал жасаған. Адуын би, азулы хандардың өзі ел Аналарының айтқан ақылына құлақ асып отырған. Аналар бейнесі қазақ жазушыларының тарихи-көркем шығармаларында да жан-жақты сомдалған. М.Әуезовтің “Абай жолындағы” Зере, Ұлжан, Ғ.Мүсіреповтің Ұлпаны т.б. көркем бейнелерде бүкіл қазақ әйелдерінің бітім-болмысы жинақталып, шеберлікпен көрсетілген. Халқымыз қара жерді — Жер-Ана деп құрметтеп, туған тілін — Ана тілі деп әспеттеген.[1]

Ана махаббаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ананың балаға деген махаббатын Фариза Оңғарсынованың мына өленінен аңғаруға болады.

Ана махаббаты (үзінді)

  • Малынып мұң-желімге
  • жырақта жүргенімде,
  • тайғақ жолдар жанымды бек жүдетіп,
  • саған деген бал сезім елжіретіп,
  • қатар басып менімен күнде бірге
  • себеді үміт нұры
  • тоңыңқырап жүретін бұл қөңілге.
  • Шың, құздар биіктегі
  • тұрғандай сүйіп мені,
  • сен секілді үндемей біліп бәрін,
  • кей шақтағы еркелеу қылықтарым,
  • кейде жаным төзгісіз тұйық па еді
  • бәрібір саған ғана
  • осы қалпым, бар қалпым сүйікті еді.
  • Зымырап жылан-жалған,
  • құлардай қыран жардан -
  • кейде алдымнан тосады дүлейлерін,
  • кейде жайлар жанымды үрей менің
  • айрылып қалғандай сыңар жаннан.
  • Сонда сенің нұр тұлғаң
  • Қыдыр ата секілді шығар-ды алдан.
  • Өмірдің бауын, бағын,
  • мұнарлы сағымдарын,
  • көз бермес дауылдарын -
  • кешіп келем бәрін де, көріп келем,
  • кейде қиын жылдарға жорық деген,
  • кейде денем майысып, ауырладым.
(1973 жыл)

Құдай-аналар, мифологиялық және библиялық аналар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Деметра — көнегрек мифологиясындағы құдай-ана
  • Гея — көнегрек мифологиясындағы жер құдайы
  • Шакти — үнді құдай-анасы
  • Юнона — көнеримдік отбасы ошағының, аналық сезімнің және үйленудің құдай-анасы.
  • Махамайя Патшайымы — буддисттік құдай-анасы, Будданың анасы
  • Исида — көнеегипеттік мифология
  • Агарь — Библия
  • Лада, Мокошь — славян мифологиясы
  • Мать Мирра — сИнтегральды йога негізін салушы

Ана туралы көркемөнер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
Туыстық қатынастар
Санат:Отбасы

КүйеуӘйелӘкеАнаАтаӘжеБауырҚарындасӨгей ағаБалаҚызӨгей ұлӨгей қызАғаТәтеҚайын атаҚайын енеКіндік әкеКіндік шеше