Аристофан
Аристофан | |
көне грекше: Ἀριστοφάνης | |
Туған күні | |
---|---|
Туған жері |
Афина, Ежелгі Грекия |
Қайтыс болған күні |
Б. з. д. 386 жыл (60) |
Қайтыс болған жері |
Дельфы, Ежелгі Грекия |
Мансабы |
Комедиограф, Драматург |
Шығармашылық жылдары |
Б. з. д. 427 — Б. з. д. 386 жыл |
Бағыты |
Ежелгі комедия |
Жанры |
Комедия |
Шығармалардың тілі | |
Ортаққордағы санаты: Аристофан |
Аристофан (көне грекше: Ἀριστοφάνης – Аристофанес; б. з. д. 445-385 жылдар шамасы) — ежелгі грек комедиограф, «комедияның атасы» болып саналады. Аристофан 44 комедия жазған. Олардан толық сақталғаны 11.
Олар: "Ахарняндықтар","Салт аттылар","Бүттар","Аралар","Бітім","Құстар", "Әйелдер Фесмофорий тойында","Лисистрата","Бақалар","Әйелдер халық жиналысында","Байлық".
Аристофанның басқа комедияларынан 900-ге жуық ұсақ үзінділер, фрагменттер ғана калған. Аристофан комедияларының тақырыбы — әлеуметтік теңсіздікті, идеялық ағымдарды күшейтіп, Афина демократиясының дәстүрлі негізіне нұқсан келтіретін соғыс саясатын сынау болды. Аристофан соғысқа қарсы болды, бейбітшілікті аңсады. Ол тек шаруалардың ғана емес, бүкіл Грекияның мүддесін айлады. Аристофан комедиялары халықтың театр формаларымен тағыз байланысты еді. Оның кейіпкерлері адам мінезінің бір қырын ғана алған және ол оны өткір, гротескілі түрде көрсетеді. Сонымен қатар актерлер көрермендерді күлдіру үшін шарж, пародия, буффонаданы кең пайдаланды. Аристофанның ең жақсы саяси комедиясы б. з. д. 424 жылы қойылған "Салт аттылар" (салт аттылар — Афина әскерінің ақсүйектер бөлігі) болды.
Эллинизм дәуірінде театр қоғамдық-саяси тақырыптан қол үзді. "Жаңа аттикалық комедия" (Менандр, т. б.) тек үй ішіндегі қарым-қатынасты, жеке адамның күйініш-қасіретін берумен шектелді. Эллинистік дәуірде кең тараған тұрмыстық, пародиялық, сатиралық шағын көріністер — мимдер, — Грекияда ерте кезден-ақ орындалып келді. Мим актерлері маскасыз ойнады. Мұнда әйелдер де қатысты. Эллинистік дәуірде мифологиялық сюжетке кұрылған пантомималық би сауықтары да тарады. Театр халықтың тәрбиешісіне айналып, Эллада азаматтарының еркін көзқарасы мен сенімін қалыптастырды. Грек трагедиясы мифтік тұлғалар арқылы халықтың сыртқы жаулармен саяси теңдік, әлеуметтік әділет жолындағы қаһармандық күресін бейнеледі. Трагедия кейіпкері қаза тапқанымен, көрермендер көңілінде мақтаныш сезім, тағдырдың қатал, ырыққа көнбейтін күштеріне қарсы тұра алатын адам қабілетіне деген сенім ұялататын. Ол адамның жеке басының еркін өсуіне бөгет жасайтын күштерді күйретуге тырысты, сол күрес көрермендерді таңыркатты. Трагедиялық кейіпкер гректерге өнеге болып, олардың бойында адамгершілік парасат сезімдерін, азаматтың биік этикалық асыл қасиеттерін нығайтты. Грекияның театр мәдениеті дүниежүзілік театрдың дамуына зор әсер етті. Күрделі қоғамдық-саяси, философиялық және этникалық мәселелерді қозғау, зорлық пен езгіге қарсы күресу, көрермендердің ой-санасын тәрбиелейтін қаһарман тұлғалар жасай білу, осының бәрі — Ежелгі Грекия театр өнерінің өміршең куатын танытты.[1]
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Оның өмірі жөнінде нақты мәліметтер аз. Аристофан Пандион жанындағы Кидафин (Кидатенайон) округінде шамамен б. з. б. 445 жылы дүниеге келген, ал шамамен б. з. б. 385 жылы қайтыс болған деп көрсетіледі.
Әкесінің аты – Филипп, анасының аты – Зенодора. Кей деректерде Аристофанның Филипп, Арар, Никострат, Филетр есімді ұлдары болған және олар комедия жанрының ақындары делінеді. Зерттеушілердің кейбірі Аристофанның афиндық азамат екендігіне күмән келтіреді. Оны Эгинеде, Родоста, енді бірі Египетте дүниеге келген дейді.[2] Эгинелік азамат деген пікір Аристофанның бұл жерде үй-жайы болғандықтан айтылған болуы да ықтимал. Бірақ, антик дәуірінен бізге жеткен жазбалар Аристофанның Афина қаласының тең құқылы азаматы болғанын дәлелдейді.
Аристофанның бүкіл жан-тәнімен афиндық ақын болғандығы оның тілінен, ойынан, тіпті темпераментінен де байқалып отырады. «Ахарндықтар» шығармасындағы ақынның келтірген мәліметтеріне сүйеніп, ол клерух, яғни Эгине аралындағы афиндық колонист болған деген де болжам бар.[3]
Б. з. б. ІV ғасырдың басынан сақталып қалған жазба деректе, Аристофанның Пандионид бесжүздік Кеңес мүшесі болғандығы айтылады. Комедиограф өмірінің көп бөлігі Пелопоннес соғысы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ол Перикл дәуірі демократиясын жақтаушылардың бірі әрі орта шаруалы жериеленушілердің көзқарасын қолдаушы болды. Оның комедияларының соғысқа қарсы бағытта жазылып, саудагерлер мен өнеркәсіпшілер құрып отырған «радикалды демократиялық» үкіметке деген оппозициясының өткір болу себебі де осыдан.
Аристофан жазуды ерте бастаған. Сондықтан оның «Тойлаушылар», «Вавилондықтар», «Ахарндықтар» атты алғашқы шығармалары (б. з. б. 427-425 жж.) актер Каллистраттың атынан жарияланған. Аристофан актер ретінде де танылған. Ол өзінің «Салт аттылар» комедиясында Пафлагондық-Клеонның рөлін ойнаған. Бізге жеткен «Байлық» атты комедиясынан кейін де Аристофан «Кокал», «Эолосикон» атты драмаларын жазады. Бірақ бұл екі драмасы бізге жеткен жоқ. Оны Аристофанның қазасынан кейін ұлы Арар сахналаған. Кей деректерде бұл екі драмасын Аристофан ұлы Арардың есімі театрлық ортада танымал болу үшін оған сыйға берген делінеді.
Аристофан 40-тан аса комедия жазғанымен, бізге 11 еңбегі ғана жеткен. Хронологиялық тәртіп бойынша келтірсек:
- «Ахарндықтар» - 425 жыл,
- «Салт аттылар» - 424 жыл,
- «Бұлт» - 423 жыл,
- «Аралар» - 422 жыл,
- «Бейбітшілік» - 421 жыл,
- «Құстар» - 414 жыл,
- «Лисистрата» - 411 жыл,
- «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» - 411 жыл,
- «Бақалар» - 405 жыл,
- «Халық жиналысындағы әйелдер» - 392 немесе 389 жыл,
- «Байлық» - 388 жыл.
Сонымен қатар, Аристофан комедияларының мыңдаған фрагменттері жеткен. Антик әдебиетін зерттеуші ғалым А. Ф. Лосев әлеуметтік-тарихи кезең тұрғысынан Аристофан шығармашылығын 3 кезеңге бөліп қарастырады:[4]
1. Бірінші кезең – б. з. б. 427-421 жылдар аралығы (Пелопоннес соғысының алғашқы кезеңінен бастап Никиев заманына дейін). Бұл кезеңге жататын шығармалары саяси сарында, халықтық стиль дәстүрін қатаң сақтай отырып жазған. Оған «Кутила» (б. з. б. 427 жыл), «Вавилондықтар» (б. з. б. 426 жыл) атты сақталмаған туындыларынан басқа, «Ахарндықтар» (б. з. б. 425 жыл), «Салт аттылар» (б. з. б. 424 жыл), «Бұлт» (б. з. б. 423 жыл), «Аралар» (б. з. б. 422 жыл), «Бейбітшілік» (б. з. б. 421 жыл) драмалары жатады.
2. Екінші кезең – б. з. б. 414-405 жылдар аралығы. Б. з. б. 421 жылдан бастап б. з. б. 414 жылға дейінгі шығармашылығы жөнінде ешқандай мәлімет жоқ. Бұл кезеңдегі туындыларында саяси сарын байқалмайды. Комедиограф қоғамдық-сатиралық тақырыпты қозғап, саяси талаптар мен оппортунизмге байланысты театр өнері мен ақындарына арналған сатиралар тудырады. Бұл кезеңдегі комедияларына: «Лисистрата» (б.з.б.411 жыл), «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» (б.з.б.411 жыл), «Бақалар» (б.з.б.405 жыл) жатады.
3. Үшінші кезең (б.з.б.392-388) – егін шаруашылығына байланысты туған салттық-саяси комедияның ығысып, кейінгі тұрмыстық комедияларға жол бере бастаған кезімен тұспа-тұс келді. Оған «Халық жиналысындағы әйелдер» (немесе «Заң шығарушы әйелдер»), «Байлық» (б.з.б.388 жыл) шығармалары жатады.
Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің ұсынысымен бүкіл ілгерішіл адамзат 1954 жылы Аристофанның 2400 жылдық мерейтойын атап өтті.[5] Аристофанның «Лисистрата», «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» атты комедияларын Мүсілім Базарбаев қазақ тіліне аударды.[6]
Аристофан комедиялары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аристофан комедиялары: «Ахарндықтар» - 425 жыл, «Салт аттылар» - 424 жыл, «Бұлт» - 423 жыл, «Аралар» - 422 жыл, «Бейбітшілік» - 421 жыл, «Құстар» - 414 жыл, «Лисистрата» - 411 жыл, «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» - 411 жыл, «Бақалар» - 405 жыл, «Халық жиналысындағы әйелдер» - 392 немесе 389 жыл, «Байлық» - 388 жыл.
Ғалым, аудармашы М.Базарбаев: «Ескі дүние әдебиет үлгілерін қазақ тіліне аудару етене іске айналғаны құп. Грек әдебиетінің кейбір нұсқалары қазақ тілінде жарық көрді. Бірақ Гомер, Эсхил, Гесиод, Аристофан дүниелері қозғалмастан жатыр. Сондай-ақ, Сократ, Аристотель бастаған бір қауым ойшылдардың шығармалары да аударылған жоқ. Геродот, Фукидид сияқты шежірешілердің де жайы солай» деп антикалық мұралардың қазақ тіліне тәржімалану жайының мәз еместігіне көңіл бөле отырып, комедиографтың «Лисистрата», «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» атты екі комедиясын қазақ тіліне аударып жариялайды. Афина мен Лакония арасындағы ұзақ жылдарға созылған соғысты тоқтату үшін айлаға көшкен әйелдердің наразылық әрекетіне арналған «Лисистрата» комедиясына ғалым: «композициясы жағынан «Лисистрата» Аристофанның өзіндік шешімін тапқан айтулы шығармаларының бірі болып табылады. Ақын барлық дәстүрлі тәсілдерді қолдана отырып, өзінің идеялық мақсатын жүзеге асыруға ұмтылған. Басқа комедияларына қарағанда, мұнда хор пьесаның аяғына дейін қатысып, шешуші роль атқарады. Парабасада Корифейдің алғы сөзі жоқ. Қос-қостан төрт шумақ берілген, олар симметриялы болып келеді: олар екі ода, екі ант-ода; екі эпиррема, екі антиэпиррема. Мұнда басқа комедиялар сияқты көріністердегі оқиға агонмен ғана шектеліп қоймайды, аяғына дейін, яғни агоннан кейін де өрістей береді» деп пьесаның құрылысын, мақсатын, ондағы хордың рөлін анықтап береді.[7]
Аристофан ескі-ақсүйектік көзқарасты да, сопылық немесе демократиялық көзқарасты да ұстанған жоқ. Ол мықты, тұрақты егін шаруашылығы идеалдарын жақтады. Аристофан демократия көсемдерінің милитаризмін («Ахарндықтар», «Салт аттылар», «Фесмофорий кешіндегі әйелдер», «Бейбітшілік»), афиндық теңіз экспансиясын («Вавилондықтар» т. б.), демократия радикализмін (әсіресе Клеонды өлтіре әшкерелейді), қала цивилизациясын («Аралардағы» даукестікті, «Ахарндықтардағы» сауда- саттықты), азаматтардың ештеңе істегісікелмей, бойкүйездікке ұрынуын сынға алып, сопылық ағартушылық іліміне («Бұлттар»), байларды байыған үстіне байытып, шаруаларды тақыр кедейлерге айналдырған әскери демократия көсемдеріне ашық түрде қарсы шығады. Әсіресе, ақша фетишизмін жек көріп, қоғамды одан арылтуға талаптанады.[8] Комикалық ақын Аристофанның негізгі қаруы – күлкі болды. Ұсқынсыз маскалар мен оғаш костюмдер киіп шыққан Аристофан кейіпкерлері сахнаға шыққан бойда көрермендерін күлдіруге тиіс болды. Аристофанның тағы бір ерекшелігі – антропоморфтық мифологияға өткір сын айтуында. Антик әдебиетінде Лукианға (б. з. б. ІІ ғ.) дейін ешкім де құдайлар мен батырларды бұлайша келемеждеп, мазаққа айналдырған емес. Аристофанның атеизмі деген мәселе әлі де ашық күйінде қалып отыр. В. Г. Белинский Аристофанды «ежелгі Грекияның соңғы ұлы ақыны» деп таныды.[9] Оның шығармаларына деген қызығушылық ХVІІ ғасырда Германия мен Франция әдебиетінде көрініс тапса, ХVІІІ ғасырда Свифт, Филдинг, Гете еңбектері арқылы жалғасын тапты. Аристофан туындыларына ғалым Ж. Әскербекқызы: «бірқатар шығармаларында басынан аяғына дейін тұнып тұрған тәлім-тәрбие, адамдарды адамгершілікке баулу мәселесі қозғалып, автордың айтар ойынан ізгілік исі аңқып тұрады. Аристофанның ең маңызды сатиралары – әдеби пародияға өте ұқсас. Комедиялық образдардан жазушының өз характерін, мінезін, көркемдік бейнесін толық аңғаруымызға болады. Аристофан – өмірде болған, көзімен көрген жайттарды ғана қағаз бетіне түсіріп отырған. Сондықтан оның барлық шығармаларынан тарихи дәлдікті аңғарамыз. Әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар көне грек әдебиетінің өкілдері туралы көптеген мәліметтерді Аристофан комедияларына сілтеме жасай отырып пайдаланып жүр. Аристофан комедиялары тез, шапшаң оқылуымен, оқиғасының мәнділігімен, сюжетінің саздылығымен, тақырыбының алуан түрлілілігімен ерекшеленеді. Комедияларының басты кереметі кейіпкерлері қай уақытта болсын табан астында тауып айтылған әзілдің арқасында қиыннан жол тауып кетіп отырады. Көп жағдайда автор комедияның ерекше мағыналық типін көрсетуге тырысады» деп толымды пікір білдіреді[10].
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Өнер: Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулык/Қ.Болатбаев, Е.Қосбармақов, А.Еркебай. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-33-998-8
- ↑ Античная литература. Анпеткова-Шарова Г.Г., Чекалова Е.И. –Л., 1981
- ↑ О.Е.Людинина. Античная литература. Пропедевтика. Пособие для студентов. Алматы, 2007, стр. 99. ISBN 9965-734-61-5
- ↑ Античная литература. Под ред. Проф.А.А.Тахо-Годи. Второе издание, переработанное. М., 1973
- ↑ Шетел әдебиетінің тарихы. Қобланов Ж.Т. Алматы, ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2011. ISBN 978-601-217-161-7
- ↑ Аристофан. Лисистрата. Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер. Аударған М.Базарбаев. Алматы, «Өнер» баспасы, 1991, 166-бет
- ↑ Аристофан. Лисистрата. Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер. АуданыМ.Базарбаев. Алматы, Өнер, 1991ж. 159-бет
- ↑ Античная литература. Под ред. Проф.А.А.Тахо-Годи. Второе издание, переработанное. М., 1973. 161-стр.
- ↑ Белинский В.Г. Полное собрание сочинении. Москва, 1955, Том 8, стр.90.
- ↑ Антик заман драматургиясы. Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофан, Менандр. «Әлем әдебиеті» кітапханасы. Астана: Аударма, 2009. -592 бет.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |