Бизнес-жоспар
Бизнес-жоспар — кәсіпорынның алдына қойған экономикалық мақсаты мен оны жүзеге асыру жолдары, міндеттері мен әдіс-тәсілдері баяндалған құжат. Бизнес жасау үшін нарықтық орта жан-жақты зерттеледі. Нарықтық ортаның ағымдағы жағдайы, болуы мүмкін өзгерістер мен кедергілер, жобаны іске асырудан түсетін табыс мөлшері, т.б. нақты көрсетіледі. Бизнес-жоспар, көбінесе, банктен кредит алу және оның қайтарылуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Меншік иесінің қатысуымен кәсіпорынның стратегиялық дамуының бағыт-бағдары анықталады, осы арқылы жобаның тиімділігі мен қажеттілігі айқындалады.
Бизнес-жоспар болжалды қаржылық нәтижесі көрсетілген жалпы сипаттамадан және он тарауға бөлінген негізгі бөлімнен тұрады:
- жоба бойынша өндірілген тауарлар (не қызмет) түрлері және олардың бәсекелесу қабілеті сипатталады;
- тауарларға сұраныс деңгейі мен көлемі ескеріле отырып, өнім өткізу нарығы, өндіріс көлемі мен тауарға қойылатын баға анықталады;
- бәсекелестер мүмкіндігі (тауарларының сапасы мен бағасы) туралы мәліметтер талданады;
- маркетингтік зерттеу нәтижелері (тауарларды өткізу және баға саясаты, өнімді сатуда ынталандыру, жарнамалау, т.б.) сараланады;
- өнім (не қызмет) өндіру жоспары мен өндірістік байланыстар, өндірістік шығындарды азайту және өнім сапасын жақсарту әдістері айқындалады;
- ұйымдастыру-басқару жұмыстары және қызметкерлермен жұмыс істеу бағдары белгіленеді;
- жобаның ұйымдық-құқықтық негіздерін көрсететін заңдық құжаттар жасалады;
- жұмыс барысында кездесетін қауіп-қатерді болжау және оның алдын алу шаралары қарастырылады;
- жобаның барлық буындарының құндық көрсеткіштері жинақталып, ақшаға шағып көрсетілген қаржы жоспары нақтыланады;
- қаржы көздері (жобаны іске асыруға жеткілікті соманы қайдан, қанша мөлшерде ала алады және жоба қандай мөлшерде пайда кіргізеді, кредитордан алынған қаражатты мерзімінде қайтара алу қабілеті, т.б.) жобаланады. Бизнес-жоспар тауар, ақша, өндіріс факторы қозғалысының жалпы балансын айқын бейнелейді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |