Зооноздар
Зооноздар (зоо... және гр. nosos – ауру) – әр түрлі жабайы және үй жануарларынан жұғатын, адамдар мен жануарлардың жұқпалы аурулары.
Зооноздар қоздырғыштарының қатарына микроорганизмдердің көптеген түрлері – бактериялар, вирустар, риккетсиялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар, құрттар, паразиттік жәндіктер жатады. Зооноздарды екі топқа бөледі:
- 1) үй жануарларынан жұғатын зооноздар (сальмонеллез, сарып, аусыл, лептоспироз, маңқа, мелиоидоз, орнитоз, аспергиллез, трихофития, микроспория, балантидиаз, токсоплазмоз, т.б.);
- 2) жабайы жануарлардан жұғатын зооноздар (оба, туляремия, кене энцефалиті, риккетсиоз, трипаносомоз, т.б.).
Таралуы жағынан белгілі бір тұрақты аймақтармен шектелетін зооноздарды табиғи ошақтық инфекциялар деп атайды. Зооноздар қоздырғыштары эволюциялық даму барысында белгілі бір жануарлар организмінде паразиттік тіршілік етуге бейімделген. Кейбір аурулардың қоздырғыштары адамдар мен жануарлардың организмінде тұрақты айналыста болып, түр ретінде сақталуға бейімделген. Ондай қоздырғыштар ауруларын антропозооноздар немесе зооантропоноздар дейді (дене сарғаю қызбасы, африкалық және америкалық трипаносомоз, тениоидоз, описторхоз, т.б.). Зооноздар адамнан адамға сирек жағдайда жұғады (мысалы, оба ауруы кезінде), көбінесе, адамдарға жануарлардан жұғады. Жануарлардың биологиялық ерекшеліктеріне (мысалы, саршұнақтардың, кенелердің көктемгі-жазғы белсенділігінің күшеюі) байланысты зооноздардың маусымдық таралуы байқалады (мысалы, оба індеті, кене энцефалиті, т.б.). Қоздырғыштар сүт, сілекей, несеп, қи арқылы тарайды. Зооноздар ауырған жануарлардың өзінен немесе олардан алынған өнімдерден дайындалған азық-түліктен, ауру малдың қи-несебімен, ласталған судан, жемнен, қорадан, жайылым топырағы арқылы, сондай-ақ маса, бүрге, сона, шыбын-шіркей, кене шаққанда жұғады. Бұл ауруларға қарсы күрес жүргізуде санитарлық-малдәрігерлік шаралар: ауырған малды дер кезінде анықтау, оларды сау малдан оқшаулау; ауру малдың сүтін сатуға және ветеринарлық бақылаудың рұқсатынсыз союға тыйым салу, малды алдын-ала егу, т.б. басты рөл атқарады. Залалсыздандыру шараларын жүргізудің және жеке бастың тазалық ережелерін сақтаудың маңызы зор.[1][2][3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы
- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |