Күрес
Күрес – спорт түрі.
Күрестің түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстанда күрестің қазақша күрес, грек-рим күресі және еркін күрес, дзю-до және самбо сияқты жекпе-жек түрлері кең дамыған.
Қазақ күресі – Қазақстанның ұлттық спорт түрі. Оның тәсілдері сан алуан. Жекпе-жек барысында бір қолмен белдіктен немесе күрте жағасынан, жеңінен ұстап шалу, үйіріп, сүріндіре, жұлқу, тізеден қағу, іліп немесе кеудеден асыра лақтыру, т.б. көптеген тәсілдер қолданылды.
- 1928 жылы қазақша күрестің бірыңғай ережесі қабылданып, ол 1938 жылы республикалық спорттық жарыстың бағдарламасына енгізілді.
- Қазақша күрес балуандары халықаралық аренада тұңғыш рет 1952 ж. Ашхабад қаласында сынға түсті. Қазақша күрестің салмақ дәрежелері де, ережесі де жиі өзгерістерге ұшырады. Кей жылдары үш, төрт, бес, сегіз, он салмақ дәрежелері бойынша жарыстар өтіп жүрді.
- 1998 жылдан еліміздің балуандары үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. 60 кг-ға дейінгі балуандар – кіші балуан, 74 кг-ға дейінгілер – орта балуан, 74 кг-нан жоғарылар – бас балуан деп аталады.
Грек-рим күресі, классикалық күрес – қол және тұтас дене қозғалысына негізделген тәсілдерді пайдаланатын спорттық күрес түрі. Бұл күресте қарсыласын белден төмен ұстауға, аяқтан шалуға, т.б. болмайды. Грек-рим күресінің мақсаты – қарсыласының жауырынын жерге тигізу немесе күрес тәсілдерін шебер қолдана отырып, ұпай санымен жеңу.
- Грек-рим күресі 1896 жылғы 1-Олимпиялық ойындардың бағдарламасына енді.
- 1904 жылдан дүниежүзілік чемпионаттар өткізіліп келеді.
- 20-ғасырдың 60-жылдарының аяғынан бастап күрестің бұл түрі Қазақстанда жедел дами түсті. Қазақ халқынан шыққан Қажымұқан Мұңайтпасов, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов, Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мәмбетов сияқты Дүниежүзілік олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің есімдері көпшілікке белгілі.
Еркін күрес. Мұнда қарсыластарға әр түрлі техникалық тәсілдерді (қарсыласын лақтыру, аударып түсіру, қапсыра ұстау, белден төмен ұстау, т.б.) кеңінен қолдануға мүмкіндік беріледі.
- Еркін күрес 19-ғасырдың аяғында Англияда пайда болған.
- 1904 жылдан олимпиялық ойындар бағдарламасына енген.
- 1951 жылдан дүниежүзілік, 1928 жылдан Еуропа чемпионаттары өткізіледі.
- Қазақстанда еркін күрес жарыстары 1955 жылдан өткізіліп келеді. Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Ғабсаттаров, Аманжол Бұғыбаев, Сейітжан Әбдікәрімов, Алмас Мұсабеков, т.б. халықаралық аренада халқымызды әлемге танытты. Мәулен Мамыров Атлантада (АҚШ) өткен Олимпиялық ойындарда (1996) және дүниежүзілік чемпионатта (1998) қола жүлдені еншіледі.
Дзю-до (жапонша дзю – жұмсақ, до – жол).
- 19-ғасырдың аяғында Жапонияда джиу-джицу күресі негізінде пайда болған.
- 1956 жылдан дүниежүзілік чемпионаттар өткізіледі, Олимпиада ойындарына 1964 жылдан енген. Дзю-дошылар арнайы кілем (татами) үстінде күреседі. Киімдері – кимоно, белбеу және шалбар. Күрес ережесі бойынша қылқындыруға, қолды бұрауға болады. Жаңадан қатысып жүргендер беліне ақ белбеу, ал жоғары разрядшылар қара белбеу орап шығады. Қазақстанда дзю-до күресі 20-ғасырдың 60-жылдарынан бері дамып келеді. Асхат Жіткеев Пекинде (Қытай) өткен 29-Олимпиялық ойындарда (2008) күміс, дүниежүзілік чемпионатта (2004, Корея) қола жүлдені иеленді. 1995 жылдан Алматыда Ораз Жандосов атындағы халықаралық турнир өтіп келеді.
Самбо (орыстың “самозащита без оружия” – қарусыз қорғану деген сөзінің қысқартылған түрі). Күрестің бұл түрін қазақ, грузин, татар, Әзірбайжан, т.б. халықтардың ұлттық күрестерінің айла-тәсілдері негізінде белгілі маман Аркадий Харлампиев (1938) құрған. Спорттық және әскери түрі бар. Әскери самбоның қорғаныс және арнайы деген екі түрі бар. Самбо күресінде балуандар арнайы белдікті шапан киеді, күрес кезінде белдіктен, жеңнен, шапанның кез келген жерінен, сондай-ақ қол мен аяқтан ұстап, әдіс қолдануға болады. Самбода әдіс қолданушы балуан тік тұрып, қарсыласының жауырынын кілемге тигізсе немесе буындарды ауырту әдісін қолданғанда, қарсыласы жеңілгендік белгісін берсе ғана таза жеңіс деп есептеледі. Самбодан КСРО біріншілігі 1939 жылдан бастап өткізілген. Ал Еуропа чемпионаты 1972 жылдан өткізіледі. Қазақстанда самбо 1953 жылдан бері дамуда, республикалық алғашқы біріншілік 1955 жылы ұйымдастырылды. Самбо күресінен Асхат Шахаров әлемнің үш дүркін чемпионы болса, Қанат Байшолақов, Бауыржан Садықанов, Асқар Шайхиев, Арсен Хатип әлем чемпионы, Айтжан Шаңғараев, А.Мұсабеков Еуропа чемпионы атанды. Әйелдер арасында Сәуле Ғабдоллина, Айсара Керімбекова, Жамал Бозова, т.б. әлем, Азия чемпионы болып, әлем чемпионаттарының жүлдесін алды.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ “Балалар Энциклопедиясы”, V-том
- ↑ Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |