Морфема
Тіл бірліктері |
Деңгейлер бойынша |
Морфема (гр. morphe – түр, тұлға) – сөздің мағыналы ең кіші бөлшегі, грамматикалық ұғым.[1] . Ұғымға алғаш И.А. Бодуэн де Куртене (1881) енгізген. Морфема негізгі және қосымша болып екіге бөлінеді. Негізгі морфемаға дербес лексикалық мағынасы бар, сөздерге ұйтқы болатын түбірлер (ақ, ек, ұқ, ас, ұр, үр, ер, т.б.) жатады. Қосымша морфемаға жеке лексикалық мағынасы болмайтын, тек грамматикалық мағынаға ие қосымшалар мен қосалқы Морфемалар (-ның, -нің, -ға, -ге, -ын, -ін, -ар, -ер, т.б.) жатады. Қосымша морфема сөз түрлендіруші, сөзжасамдық тұлғаларға және жалғауларға бөлінсе, қосалқы сөздер құранды атауларда жұмсалады. Қосымша морфемалар кез келген түбір морфемаға жалғана бермейді, синтагматикалық және парадигматикалық заңдылықтарға бағынады, араларында мағыналық және тұлғалық мәндестік болады. Қосымша Морфеманың түбірге жалғануында ішкі иерархиялық заңдылық бар. Айталық, зат есім тұлғаларының жалғануы түбір морфема + көптік + тәуелдік + септік жалғаулары болып келеді, мысалы: бала+лар+ымыз+дың. Бір мағына беретін морфема бірінің үстіне бірі жалғанбайды, етістік тұлғаларында да осындай заңдылық сақталады. Есімше тұлғасының үстіне көсемшенің жұрнағы жалғанбайды, жіктік жалғауы соңынан жалғанады: кел+іп+ті, бар+ған+быз. Түбір морфемаға бірнеше қосымша морфема жалғана алады:
- алдымен, сөз тудырушы морфема, сосын мағыналық, қызметтік, тұлғалық сипатына қарай өзге морфемалар жалғанады. Түбір морфеманың мағынасы нақты, дербес;
- қосымша морфеманың мағынасы жалпы, абстрактылы.
Тілімізде түбір морфема көп, қосымша морфеманың саны әлдеқайда аз.[2]
Морфема түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Морфема іштей екіге бөлінеді: негізгі морфема және қосымша морфема. Негізгі морфемалар — лексикалық мағыналы дербес қолданылатын түбір сөздер. Олар түпкі түбірлер (тір - тірі дегендегі), түбір негіздер (тірі), туынды негіздер (тірлік) болып үшке бөлінеді. Қосымша морфемалар — дербес қолданылатын сөздерге әр түрлі грамматикалық ғана мағына үстейтін тұлғалар. Олар іштей қосымшалар мен қосалқылар болып екіге бөлінеді. Қосымшалар: сөзжасам, сөзтүрлем, сөзбайлам тұлғалар. Бұлардың сөзжасамы мен сөзтүрлемі - жұрнақтар да, сөзбайламы - жалғаулар деп танылады. Қосымшалар қатарына дәйек және аяқ қосалқылар жатады. Дәйек қосалқылар түбір сөздің алдына қосылып, сөзге грамматикалық күшейтпе мағына үстейді (күшейтпе буынды: сап-сары, қап-қара және күшейтпе сөзді өте жақсы, тым жаман). Аяқ қосалқылар негізгі сөздің соңында қолданылады да, оларға шектеме және көмекші грамматикалық мағына үстейді. Шектемелер сөзге ұқсама буын қосып айтылатын (шай-пай, нан-пан) және демеуші шылаулар арқылы жұмсалатын (осы ғана, осы-ақ) сөздер құрамында қолданылады. Көмекшілер: көмекші есімдер (үсті, асты т. б.), көмекші етістіктер ( еді, екен т. б.), септеулік шылаулар (дейін, шейін т. б.), жалғаулық шылаулар (мен, және, тағы т. б.).[3]
Әдебиет
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Ибатов Ә., Сөздің морфологиялық құрылымы, А., 1983;
- Ысқақов А., Қазіргі қазақ тілі, А., 1991;
- Салқынбай А., Абақан Е., Лингвистикалық түсіндірме сөздік, А., 1998.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ "Ордабасы": Энциклопедия.- Шымкент:"Ордабасы".2008.
- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
- ↑ Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |