Ортаңғы құлақ

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
A.
Ортаңғы құлақ.

Ортаңғы құлақ (среднее ухо); (auris media, лат. аuris—құлақ, лат. media — ортаңғы) - самай сүйегінің дабыл қуысында орналасқан құлақ бөлігі. Ортаңғы құлақты бір-бірімен буындар және бұлшықеттер арқылы қозғалмалы байланысқан есту сүйекшелері (балғаша, төс, жасымықша, үзеңгіше) мен дабыл жарғағы құрайды. Қалындығы 0,1 мм дабыл жарғағы дабыл қуысын сыртқы құлақтан бөліп тұрады. Ол сыртынан көпқабатты жалпақ эпителиймен қапталған. Дабыл жарғағының негізін жұқа талшықты дәнекер ұлпасының қабаты (коллаген талшықтары пластинкасы) түзеді. Ішкі бетін жалаң қабат жалпақ эпителий астарлайды. Балғаша сүйекте: тұтқа, мойын және бас бөліктері болады. Балғаша тұтқасы дабыл жарғағына жалғасады. Балғашаның бас бөлігі буын арқылы төс сүйекшесімен байланысады. Төс сүйекшесі: денеден және екі аяқшадан құралған. Оның қысқа аяқшасы дабыл қуысының қабырғасына бекиді, ал ұзын аяқшасы жасымықша сүйекшеге, ол өз кезеңінде буын арқылы үзеңгіше сүйекшемен қозғалмалы байланысады. Үзеңгіше сүйек: бас бөлігінен, аяқшалардан және табаннан тұрады. Оның табаны ішкі құлақтың кіреберіс терезесіндегі жарғаққа жалғасады. Дабыл қуысы есту түтігі арқылы жұтқыншақ қуысымен қатысады. Ортаңғы құлақ сыртқы құлақтың есту жолы арқылы келген ауа толқындарын, дабыл жарғағы мен қозғалмалы есту сүйекшелерінің тербелмелі қозғалыстарының көмегімен, ішкі құлақтағы ұлудың кіреберіс бөлігіне жеткізеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі/ - Алматы: "Сөздік-Словарь", 2009. ISBN 9965-822-54-9