Памир

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қонғыр тауы

Памир (ежелгі парсы Па-и-михр – Митраның (Күн құдайының) етегі) — Орталық Азияның оңтүстігіндегі тау жүйесі. Негізінен Тәжікстан жерінде, шығыс және оңтүстік бөліктері Қытай мен Ауғанстан мемлекеттері аумағында орналасқан. Солтүстігінде Алай сырты жотасымен, оңтүстігінде Зоркөл, Памир және Пяндж өзендерімен, батысында Пяндждің меридиан бағытындағы, шығысында Сарыкөл жотасымен шектеседі. Жерорта теңізі геосинклиналінің кайнозой қатпарлығында түзілген. Тау түзілу қазіргі кезде де жалғасуда (8 – 9 баллдық жер сілкінісі). Жер бедерінің сипатына қарай Памир Батыс және Шығыс бөліктерге бөлінеді. Батыс Памир биіктігі 6000 м-ден асатын биік жоталардан (Ғылым Академиясы, Дарваза, Бірінші Петр, т.б.), мұздықтардан (ең ірісі – Федченко мұздығы, ұзындығы 77 км) және терең өзен шатқалдарынан тұрады.

  • Ең биік жері –Самани шыңы (7495 м).
Федченко мұздығындағы гидро-станциясы

Шығыс Памир – биіктігі орташа таулы өлке; жер беті ежелгі тау жыныстарының үгілуінен тегістелген. Жұмыр тау жоталарын (Сарыкөл, Мұзкөл, т.б.) кең аңғарлар мен түбі тегіс қазаншұңқырлар бөледі.

  • Климаты биіктаулық, қатаң. Шығыс Памирде қаңтардың орташа температурасы –18ӘС, шілдеде 14ӘС. Батыс Памирде қаңтарда 7ӘС, шілдеде 22ӘС.
  • Жылдық жауын-шашын мөлшесі батысында 90 – 250 мм, шығысында 60 – 120 мм.
  • Памир өзендерінің көпшілігі Әмудария алабына жатады. Негізгі өзені – Пяндж. Пяндждің салалары: Гунт, Шахдара, Бартанг, т.б.
  • Ірі көлдері: Қаракөл, Шоркөл, Сарез, Зоркөл, Жасылкөл.

Шығыс Памирде биіктаулық суық шөл басым (теріскен, жусан, т.б. өседі). Батыс Памирдегі аңғарларда шөл ландшафттары тау беткейінде шөлейтке, одан жоғарыда тау даласына өтеді. Биік таулы өңірдің солтүстігінде тау шалғыны мен шалғынды дала тараған. Оңтүстігінде неғұрлым құрғақшылық жағдайда криофилдік (суыққа төзімді) аласа шөптер мен шала бұталар, ішінара альпілік өсімдіктер өседі. Өзен бойларында ағашты-бұталы тоғайлар (тал, қайың, арша) ұшырасады. Суармалы алқаптарында жүзім, грек жаңғағы, алмұрт, алма өсіріледі. Кен байлықтарынан тау хрусталі, сирек металдар, сынап, боксит, т.б. кен орындары бар.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы”, V-том