Ракетаға қарсы қорғаныс
Ракетаға қарсы қорғаныс - ұшу траекториясындағы қарсыластың баллистикалық ракеталарын табу, тосып алу мен жоюға арналған және оларға радиотехникалық кедергілер жасайтын әуе шабуылына қарсы қорғаныстың құрамдас бөлігі. Ракетаға қарсы қорғаныс өз міндеттерін ракетаға қарсы және арнайы қондырғылар көмегімен атқарады. Оған құрлықаралық баллист, ракетаның ұшырылғанын нысанаға жектенге дейінгі 33 минут ішінде анықтау; ракетанын ұшу барысын алғашқы 26 минут ішінде анықтау, ракетаға қарсы атыс алдында 3-4 минут бұрын көздеу; 2 минут бұрын түпкілікті көздеу; ракетаға қарсы соққыны 120-100 секунд ішінде жіберу; күзетілетін нысанадан жеткілікті қашықтықтағы ракетаны қауіпсіз ету немесе жойып жіберу міндеті қойылады. Термоядролық оқ-дәрі үшін бұл қашықтық 32 км-ден кем болмау керек, бірақ радиоактивтік зақымданудан сақтану үшін оны 80 км-ге дейін арттырады. Соған орай бұл қашықтық тосып алу аймағының ішкі шек арасын анықтайды, ал сыртқы шек арасы ракетаға қарсы басқару радиолокаторының тиімді қашықтығымен (80-100 км) анықталды. Ракетаға қарсы қорғанысты Әуе қорғанысы күштері атқарады.