Сарттар
Сарт — Орталық Азияның отырықшы халқының өзбек өкіліне қатысты қолданылған атау. Түрлі замандарда оның нақты мағынасы өзгеріп отырған. Көне замандарда «Ақ сарттар» деген атпен белгілі болған сарттар белгілі бір этникалық топқа жатпаған; көбінесе қала тұрғындары болған.
«Сарт» сөзі түркі тіліндегі «сары ит» деген сөз тіркесінен келіп шыққаны қәте, оны көшпенділер отырықшы қала тұрғындарын кемсітуге қолданған еді деген жорамал айтылған болатын. Сол себепті кеңес заманында «сарт» ұғымына тыйым да салынды. Бірақ Бартольдтың пікірінше «сарт» сөзі «сары ит» дегеннен шықпаған, оған меңзейтін әдеби немесе филологиялық айғақтар жоқ.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Шығу тегі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Сарт» сөзі көшпенділердің отырықшыланған халықты және қала тұрғындарын сипаттау үшін пайдаланылатын сөзі ретінде пайда болған секілді. Ол сөздің төркіні — үнді тілдеріндегі сартхаваха, яғни саудагер немесе керуенбасы деген мағынадағы сөз (ол қазіргі һинди тіліндегі сетх деген сөзбен түбірлес). Ол сөз көне ұйғыр тіліне соғды тілінен шамамен 8-9-шы ғасырларда енген болса керек. Ол сөздің өзі де «соғды» сөзінің өзгертілген түрі болуы да әбден мүмкін.
Ең алғаш рет түркі тілінде бұл сөз 1070 жылы жазылған Құдатқұ білік («Құтты білім») деген кітапта кездеседі, онда ол Қашғарияның отырықшы тұрғындарын білдіреді. Ол сөз Орталық Азияның иран тілдес болсын, түркі тілдес болсын, барлық отырықшы мұсылмандарын да білдірген сияқты. Рашид ад-Дин Жами ат-тауарих деген еңбегінде Шыңғыс ханның мұсылман қарлұқтардың билеушісі Алп-Арсланнға «Сартақтай» деген атақ берілсін деп әмір еткені туралы жазады. Рашид ад-Диннің өзі бұл сөзді «тәжік» деген сөзбен мағыналас сөз деп түсінгені анық. Алайда Рашид ад-Динніңұлты парсы болғандықтан «Сартақтай» деген сөзді дұрыс түсінбей қалған болуы да ықтимал, себебі Шыңғыстың ұлдарының бірінің аты да Сартақтай болған.
Басқа мүмкін мағыналары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Моңғол билігінен кейінгі заманда біз Әлішер Науаидың Иран елін «Сарт ұлысы» деп, «сарт тілі» деп парсы тілін атағанын білеміз. Сол сияқты Бабыр патша да Марғұланның халқын «сарт» деп, ал Әндіжанның халқын «түрік»деп атағаны белгілі. Яғни ол сарт деп парсы тілділерді атаған. Кабул уәлаятының қалалары мен ауылдарының тұрғындарын да ол «сарт» деп атаған.
Түркістанның шұратты аймақтарына Шайбани ханның жетелеуімен өзбектер келгенде жағдай одан әрі күрделілене түсті. Олардың сөйлеу тілі түркі-қыпшақ тілі, ал шұраттарда тұратын халықтың тілі түркі-қарлұқ тілі болды. Осы кезден бастп «сарт» деп тек қана парсы тілділер ғана емес, кейбір түркі тілділер де атала бастайды. Өзбектердің өздері отырықшыланғаннан кейін де өзбек руларына жатпайтын түркілерді «сарт» деп атауын жалғастыра берді.
Қазіргі заманғы мағыналары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бартольдтың дәлелдеуінше, 19-шы ғасырда «сарт» деп аталған ұлттар әбден түркіленуге ұшырады. 19-шы ғасырда Ресей әдебиетінде «сарт» деп кейде Ферғана, Ташкент, Шымкент және оңтүстік Сырдария губерниясының түркі тілді тұрғындары аталды. Олар аздап Бұқара мен Самарқандта да тұратын. Жалпы алғанда «сарт» деп Ресей үкіметі Түркістан аймағының отырықшы орыс емес тұрғындарын атайтын. Ол сөздің нақты мағынасы, оның шығу тегі туралы пікірталастар өте көп болды. Бартольд былай деп жазады: «Қазақтар «сарт» деп отырықшы өмір сүретіндердің түркі тілдес болсын, тәжікше сөйлесін, бәрін атаған». Н.П. Остроумов болса «сарт» дегеніміз бірұлттың емес, кәсіптің атауы деген пікірді алға тартады да, «Жаман қырғыз сарт болар, жаман сарт қырғыз болар» деген бір мақалды дәлел ретінде келтіреді. Бұл түсініспеушілік 1897 жылғы Ресей империясының санағы кезінде шиеленісе түседі: Ферғана губерниясында сарттардың саны өте көп болып шығады да, көршілес Самарқанд губерниясында сарттар өте аз, ал өзбектер өте көпболып шығады. Өзбек пен сарттың арасындағы айырмашылық мүлдем түсініксіз болып кетті. Тарихи жағынан өзбек дегеніміз 16-шы ғасырда Шайбани ханға еріп келгендер болады да, сарт дегеніміз олар келгенде Мауреннахрдың байырғы тұрғындары. Өзбектер қазақ тіліне жақын қыпшақ диалектінде, Хорезмде тұратын сарттар парсы тілінің қатты ықпалына ұшыраған оғұз диалектінде, ал Ферғанада тұратын сарттар ұйғыр тіліне өте жақын және қазіргі өзбек тілінің бастауына айналған қарлұқ диалектінде сөйлеген. 1924 жылы кеңес үкіметі Орталық Азиядағы отырықшы түркі тілдес жұрттың бәрі «өзбек» деп аталуға тиіс деп шешіп, «сарт» деген атауға патшалық отаршылдық заманның қорлайтын сөзі ретінде тыйым салынды. Бірақ жаңа Өзбек КСР-ының тілі ретінде өзбектердің тілі емес, сарттардың тілі таңдалды.
«Сарт» ұғымын нақты бір этникалық немесе тілдік топқа теліп айту қиын. Орталық Азияның түркі тілді және парсы тілді тұрғындарының арасындағы басты айырмашылық олардың ұлты немесе сөйлейтін тілі емес, олардың көшпенді не отырықшы болғаны еді. Қазақтар, қырғыздар және түрікмендер тиісінше дала, тау және шөлде өмір сүрген көшпенділер болды да, отырықшы түркілер мен тәжіктер Хиуа, Бұқара, Самарқанд сияқты үлкен қалаларда немесе қыстақтарда («қышлақтарда») өмір сүргендіктен сарттар деп аталды. Бірақ бәрінің де ортақ атауы — түркістандықтар, немесе мұсылмандар еді.
Доңсян тұрғындары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бір қызығы, солтүстік-батыс Қытайда тұратын моңғол тілді мұсылман доңсяндар өздерін сарта немесе санта деп атайды. Бұның Орталық Азиядағы сарт атауымен қандай байланысы бары белгісіз.
Әдебиеттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Н.В. Остроумов. Значение Названия «Сарт» (Ташкент) 1884
- Н.В. Остроумов. Сарты – Этнографические Материалы (Ташкент) 1890 (стр. 7)
- В.В. Бартольд. “Sart” Ency. of Islam Vol. IV S-Z (Leiden & London) 1934 pp175-6
- W. Barthold & Maria Eva Subtelny "Sart" Ency. of Islam New Edition Vol. IX SAN-SZE (Leiden: Brill) 1997 pp66-8
- Yuri Bregel "The Sarts in the Khanate of Khiva" Journal of Asian History Vol.12 1978 pp121-151
- Maria Eva Subtelny "The Symbiosis of Turk and Tajik" in B.F. Manz (ed.) Central Asia in Historical Perspective (Boulder, Col. & Oxford) 1994
- Әлішер Науаи Мухакамат әл-лұғатайн
- Құдатқұ білік
- Бабурнама
- Рашидуддин Фазлулла Жәми ут-Тауарих.