Қақпа

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Қақпа

Қақпа - өнеркәсіптік үйлердің, ғимараттардың, үй-жайдың, автотехника мен темір жол вагондарының кіріп-шығуына арналған үлкен есік. Т.ж. құрамы өтетін Қақпаның аумағы көбінесе 4,7×5,6 м, ал жеңіл автокөліктер өтетін Қақпаның аумағы 2,5×2,5 м. Ағаштан, темірден жасалады

Қақпа, дарбаза - ғимараттардың қоршаулы ауласына ену үшін арнайы жаппалы екі қақпа(есік) қойылған кең кірме жер.[1]

Тарихи деректерге қарағанда Түркістан маңындағы бұрынғы Қарнақ қаласын «Қырық қақпалы Қарашық» деп атаған. 19 ғ-да Сайрам кентін көрген орыс саяхатшылары төрт қақпасы бар екенін жазады: Базар қақпасы, Шымкент қақпасы, Қарамұрт қақпасы, Бел-қақпа.

Тұрғын үйлерді әдемілен, дуалмен қоршай, биік қақпа салудың үлгілері республиканың жер-жерлерінде сақталған. Дуал кірпіштен қаланып, қақпа босағалары жуан ағаш діңгекпен бекітілген. Айқара ашылатын есіктің екі қанаты ою-өрнекпен әшекейленген. Әсіресе есікке орнатылған мыс тұтқа оймышты өрнегімен көз тартады. Қақпаның төбесі қамыс шатырмен жабылған. Қарнақ үйлеріндегі қақнаның тағы бір көңіл аударарлық ерекшелігі — екі жақ жанында кірпіштен қаланған ұзыннан-ұзақ сәкі орнатылған.

Қақпаның астындағы сәкілерде арбаның доңғалағы, құрал-сайман т. б. сақталған. Әйгілі ұста Баязит Сәтбаев салған Зайсан қаласындағы үйлердің (мысалы, емхана, Интернационал көшесі, Әуезов мектебінің ескі үйі, Совет көшесі) қақпасы биік те, кең, доғаша иілген тұрпатымен ерекшеленеді. Қақпа қызыл кірпіштен қаланған, көлік кіретін үлкен есігі мен адам кіретін кіші есігі екеуі екі бөлек жасалған. Ағаш есіктер мықты темір құрсаулармен бекітілген,

Қазіргі кезде ауыл-селоларды үйді қоршап, қақпа салу толығымен дәстүрге енген. Оңтүстік аудандарда үйді балшық дуалмен қоршал, биік қақпалар салса, солтүстік-батыс аймақтарда аласа жадағай қақпалар жасайды. Көбінесе ағаш қақпалар қолданылады, соңғы кезде темірден дәнекерленген тұтас діңгекті қақпалар жасау көп пайдаланыла бастады. Сонымен бірге бау-бақшалардың, қора-жайлардың есігіне де қақпа жасалынады.

Ал өнеркәсіптік үйлерде автомашиналар мен жұмысшылардың топталып кіріп- шығуына арналып та қақпа жасалады. Қақпашық мөлшері транспорт түріне және жүктің көлеміне қарай әр түрлі болады. Жасалуына қарай қақпа топсалы, ысырмалы, көтерілмелі т. б. болып бөлінеді. Әр түрлі қоймалардың, гараждардың, фабрика-завод тардың қақпасын қажетіне қарай бір қабат, не екі, үш қабат етіп жасайды.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Механика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын — Павлодар  : «ЭКО» ҒӨФ. 2007 жыл.-29 1 б. ISBN 9965-08-234-0
  2. Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9