Алкалоидтар — (араб.: alkali – сілті және гр.eіdos – түр) — құрамында азотатомы бар табиғи текті органикалық негіздер; құрамында азоты бар сілті қасиетті органикалық зат; улы және емдік қасиеттері бар. (хинин кофеин никотин эфедрин анабазин т.б.). Қазіргі уақытта өсімдіктерден мыңдаған алкалоидтар бөліп шығарылған. Алкалоидтардың көбі жабықтұқымдылардың арасында кеңінен таралған. Әсіресе олармен көкнәр, алқалар, сарғалдақтар, бұршақтар, алабота, күрделігүлділер тұқымдастары бай.[1]
Алкалоид молекуласында С, Н, N атомдарынан басқа S, Cl және Br атомдары болуы мүмкін. Алкалоидтар алынатын зат атауының түбіріне “ин” жалғауы жалғанып аталады. Мыс., атропин (Atropa belladonna өсімдігінен алынған), стрихнин (Strychnos nux Vomіca өсімдігінен алынған). Көбінесе Алкалоидтар жіктелімі молекуланың көміртек-азотты құрылымына негізделеді. Алкалоидтардың өсімдіктердегі мөлшері өте аз (0,001-2%), бірақ кейбір өсімдіктердегі олардың мөлшері 10-18%-ке дейін жетеді. Алкалоидтар негізінен өсімдіктердің белгілі бір бөліктерінде (жапырағы, дәні, сабағы, тамырында) жинақталады. Олар өсімдіктердегі биохимиялық процестерде де маңызды рөл атқарады. Алкалоидтардың химиялық құрамы мен құрылымы өсімдіктердің табиғатына, өсетін жеріне байланысты. Олардың ең көп түрі — гетероциклді қосылыстар. Кейбір Алкалоидтар (стрихнин, тубокарин) өте улы болып келеді. Алкалоидтар туындыларының физиологиялық әсері күшті. Соған байланысты медицинада әр түрлі ауруларға қарсы дәрі ретінде кеңінен қолданылады (мыс., морфин, эфедрин, атропин, папаверин т.б.).[2]
↑Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007. - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3