Зоология

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
і00px

Зоология - (көне грекше: ζῷον „жануар“ көне грекше: λόγοςілім) – жануарлар организмдерінің құрылысын, қалыптасуы мен дамуын, жүйеленімін (систематикасын), Жер бетінде таралуын, басқа организмдермен қарым-қатынасын, тіршілік ортасымен байланысын анықтайтын және тарихи даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым; биология ғылымының бір саласы. Зоологияның анатомия, гистология, физиология, зоогеография, жүйелендіру, палеозоология және филогенетика тәрізді көптеген салалары бар.

Зоологиялық ғылыми-зерттеу арқылы жануарлардың халық шаруашылығындағы рөлі анықталады. Олардың ішіндегі пайдалылары, ауылшаруашылығы және орман шаруашылығының зиянкестері, түрлі аурулар таратушылары ажыратылады. Зоология зерттеу мақсатына байланысты бірнеше салаларға бөлінеді: жануарлар жүйеленімі, жануарлар морфологиясы, жануарлар анатомиясы, жануарлар эмбриологиясы, жануарлар гистологиясы, жануарлар физиологиясы, жануарлар генетикасы, жануарлар палеозоологиясы және зоогеография. Сондай-ақ зерттейтін объектілеріне қарай зоологияның: протозоология, энтомология, ихтиология, герпетология, орнитология, териология бөлімдері бар.[1]

Зоология физиология, анатомия, эмбриология, экология, жануарлардың жүйелі филогенезі (көп жасушалы гетеротрофты қозғалмалы эукариоттар).

Зерттеу объектілеріне байланысты З. протозоология, омыртқасыздар зоологиясы, омыртқалылар зоологиясы, ал оның ішінде, гельминтологияға, малокологияға, карцинологияға, энтомология, ихтиология, герпатология, орнитология, териологияга бөлшектенеді. Жануарларды суреттеп жазу ерте дүниеде жүргізілген. Бұл істер Ежелгі Грекиядан басталады да, негізінде Аристотельдің еңбектерімен байланысты. Ол 500 жануарлар түрін сипаттап, оларды жіктеген. 16-17 ғасырда жануарлар әлемі жөнінде мол мағлұматтар жиналған. Микроскоптың пайда болу нәтижесінде көзге көрінбейтін жануарлар әлемі зерттеле бастаған. Қазіргі уақыттағы жануарлар әлемінің жіктелу негізі 17 ғ. мен 18 ғасырдың бірінші жартысында Дж. Рей мен К. Линней еңбектерімен қаланды. Чарльз Дарвин, органикалық әлемнің эволюциялық теориясымен З. өзіндік үлкен үлесін қосқан. Ол «Бигл» кемесімен дүниежүзілік саяхатының нәтижесінде 1839 ж. «Ізденіс күнделігі» атты еңбегін жариялады. Бұл еңбектерінде ол бірінші рет оңтүстік американдық және аралдардағы кемірушілер, жыртқыш құстар, кесірткелер, бақалар т.б. жануарларды сипаттап жазған. Оның З. аса маңызды еңбектері: маржан рифінің жаратылу тарихы «Зоология», (1-5 том, 1839-1843 жж.), және «Мұртаяқты шаяндылар», (1-2т. 1845). Зоологияның дамуына көптеген ғалымдардың еңбектері үлес қосты. Олардың арасында аса көрнекті ғалымдар: Ж.Л. Бюффон, Ж. Кювье, Э. Жоффруа Сент-Илера, П.С. Паллас, Жан Батист Ламарк, К.Ф. Рулье, К. Вольф, К.М. Бэр, А. Уоллес, Р. Оуэн, Э. Геккел, Ф. Мюллер, А.О. Ковалевски және В.О. Ковалевскилер, И.И. Мечников, М.А. Мензбир, И.И. Шмальгаузен, В.Н. Беклемишев т.б. бар. Қазіргі уақытта салыстырмалы зерттеулермен қатар, 3. жануарлардың физиологиясы, экологиясы, эмбриологиясының ерекшеліктерін экспериментальдық зерттеулер арқылы анықтауда. Зоология, жануарларды қорғау және пайдалану, ауыл шаруашылық өсімдіктерімен орман шаруашылығына, тағамдық және өндірістік қорға зиян келтіретін, сондай-ақ адамдар мен жануарларға қауіпті ауру коздырушыларын тасымалдаушылардың санын реттеудің ғылыми негізі болып табылады. Қазіргі заман зоологиясы медицина, ауыл шаруашылық және ветеринариямен тығыз байланысты, ал оның кейбір бөлімдері паразитология, гидробиология, эпизоотология, эпидемиология құрамына енеді.[2]

Жануарлар туралы мағлұматтар көне дәуірлерден белгілі. Ежелгі Қытай, Үндістан, т.б. елдерде жануарлар туралы кітаптар шығарылған. Дегенмен, зоология ғылым ретінде алғаш Ежелгі Грекияда дамыған және ол Аристотель (б.з.б. 384–322) есімімен тығыз байланысты. Ол өз еңбектерінде тұңғыш рет жануарлар дүниесін жүйеге келтіріп, оларды қаны бар жануарлар және қаны жоқ жануарлар деп екі топқа бөлді. Зоологияның дамуына 16 ғасырдың аяғы – 17 ғасырдың басында ойлап табылған микроскоптың маңызы зор болды. Оны ойлап тапқан голландия ғалымы А.Левенгук (1632–1723) алғаш рет жануарлардың қан түйірлері мен қан капиллярларын сипаттап жазды. Левенгуктың басты жаңалығы – микроскоп арқылы су тамшыларын зерттеп, оның құрамында қарапайым жәндіктердің тіршілік ететінін ашуы болды. 17 ғасырдың аяғы және 18 ғасырдың басында жануарлар жүйеленімінің негізін ағылшын табиғат зерттеушісі Д.Рей жасады. Ол өзінің «Жануарларға жүйеленімдік шолу» (1693) атты кітабында жануарларды сыртқы белгілеріне қарай жіктеді. Мысалы, сүтқоректілерді ол екі топқа: саусақты сүтқоректілер және тұяқты жануарлар деп бөлген. Одан кейін швед ғалымы К.Линней «Systema naturae» (1735) деген еңбегінде жануарлар мен өсімдіктерді жүйелеуде түр, туыс, класс деген зоологиялық атаулар ұсынды. 18 ғасырдың аяғы – 19 ғасырдың басында француз ғалымы Ж.Кювье жануарлардың салыстырмалы анатомиясы палеонтологияның негізін салды. Ал 1825 жылы француз зоологы А.Бленвиль жануарлар жүйеленіміне тип деген ұғымды енгізді. 19 ғасырда француз ғалымы Ж.Б.Ламарк тірі табиғаттың тарихи дамуын зерттеді. Оның «Зоология философиясы» (1809) деген еңбегінде органик. дүние эволюциясының ғылыми теориясы баяндалды. Зоологияның дамуына 19 ғасырдың 30-жылдары неміс биологтары М.Шлейден мен Т.Шванн ашқан клеткалық теорияның үлкен әсері болды. Бұл теория клеткалық деңгейде тірі организмдердің біртұтас екендігін толық дәлелдеді. Ағылшын табиғат зерттеушісі Ч.Дарвиннің «Табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің шығуы немесе тіршілік үшін күресте қолайлы өскен тұқымдардың сақталып қалуы» (1859) атты белгілі еңбегінен кейін зоология ғылымы дамуының жаңа кезеңі басталды. 19 ғасырдың 2-жартысында неміс ғалымдары Эрнст Геккель мен Ф.Мюллер эволюция іліміне сүйене отырып, филогенетткалық зоологияның негізі – биогенетикалық заңды ашты. Эволюциялық салыстырмалы эмбриологияның дамуы Ресей зоологтары И.И.Мечников, А.О.Ковалевскийдің еңбектерімен тығыз байланысты.

Қазақстан зоологиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстан жануарлары туралы алғашқы ғылыми жазба деректер Византия, Рим, Араб халифаты елшілерінің жолжазбалары мен Махмұт Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігінде», «Кодекс Куманикусте» («Қыпшақ тілінің сөздігі») кездеседі. Қазақстанға 17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында келген географ-саяхатшылардың экспедициялық зерттеулерінің қорытындысы мен жеке мамандардың еңбектерінде де біздің өлкедегі жануарлар туралы деректер мол. Мысалы, П.С.Паллас құс пен аңның 41 түріне, Э.А.Эверсман құстың 8 түріне сипаттама берген. Сондай-ақ Н.А.Северцовтің «Түркістан жануарларының таралуы», П.П.Сушкиннің «Қырғыз даласының құстары», Н.А.Зарудныйдың «Арал теңізі құстары», т.б. ғылыми еңбектері аңдар мен құстардың жаңа түрлерін ашып, хайуанаттардың географиялық таралуы мен биологиясын зерттеп білуде маңызы зор болды. 20 ғасырдың басында Л.С.Берг Арал теңізі мен Балқаш көлі балықтарын зерттеді. Алынған ғылыми мәліметтері оның үш томдық «КСРО және көрші елдер тұщы су балықтары» (1948–49) деген кітабына енді. Сондай-ақ республикамыздың жануарлар дүниесін зерттеуде КСРО ғылым академиясының Зоология институты, Мәскеу мемлекеттік университеті, т.б. жоғары оқу орындарының ғалымдары (К.И.Скрябин, Д.Н.Кашкаров, А.Л.Бродский, Б.С.Виноградов, В.А.Селевин, т.б.) үлкен үлес қосты. 20 ғасырдың 20-жылдары Жетісуда көрнекті ғалым В.Н.Шнитников көптеген коллекциялық материалдар жинады. Соның нәтижесінде ол «Жетісу сүтқоректілері» (1936) және «Жетісу құстары» (1949) атты ғылыми еңбектерін жариялады. 20 ғасырдың 30-жылдары Е.Н.Павловский, В.А.Догель, Б.Е.Быховский, т.б. белгілі ғалымдардың басшылығымен жануарлар паразиттері және олар тарататын ауру түрлерін кеңінен зерттеу қолға алынды. Соның нәтижесінде «Арал теңізі балықтарының паразиттері» (1934) және «Каспий теңізі балықтарының паразиттері» (1938) сияқты ғылыми еңбектер жарық көрді. 1924 жылы Алматыда Қазақ өсімдік қорғау стансасы (қазіргі Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты) ашылып, онда ауылшаруашылығы дақылдарына зиянын тигізетін кеміргіштерді зерттеп, оларға қарсы күрес жолдары анықталды. 1929 жылы ашылған обадан арылу стансасында (қазіргі Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталық) қауіпті оба ауруын тарататын кеміргіштер мен олардың паразиттері зерттелді. Республикада жануарлар жөніндегі жүйелі зерттеулер КСРО ғылым академиясының қазақстандық базасының құрамында Зоология секторы ашылғаннан кейін (1932) басталды. Зоология саласындағы іргелі ғылыми-зерттеулер 1943 жылы құрылған Зоология институтында жүргізілді. Қазақстанның зоолог-ғалымдарының көп жылдық ғылыми-зерттеу жұмыстары: «Қазақстанның бауырымен жорғалаушылары», (1956), «Қазақстан құстары» (1–5 т., 1960–74), «Қазақстан тұяқты жануарларының ішкі паразит құрттары» (1–2 т., 1962–63), «Қазақстан сүтқоректілері» (1–4 т., 1969–85), «Қазақстан балықтары» (1–5 т., 1986–92), «Қазақстанның қызыл кітабы» (1996) сияқты іргелі еңбектерде қорытылған. Қазақстанда сүтқоректілер мен құстардың, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің түрлері мен жалпы саны анықталды; кейбір топтарға жататын омыртқасыз жануарлардың фаунасы мен жүйеленімі, жабайы жануарларды халық ш-нда пайдаланудың ғылыми негіздері кеңінен зерттелді. Соңғы жылдары республикамызда жануарлар дүниесінің әртүрлілігін сақтау, оларды ұдайы өсіру және ұтымды пайдаланудың ғыл. жолдарын жасау, жануарлар мен адамның табиғи ошақты және паразиттік ауруларын болдырмау тәсілдерін іздестіру, жануарлар әлемінің кадастрін жасау жұмыстары Қазақстан ғалымдары Е.В.Гвоздев, Т.Досжанов, А.Бекенов, Э.И.Гаврилов, А.Ф.Ковшарь, И.Д.Митяев, Г.Уәлиева, Б.Шайкенов, Л.А.Бурделов, Д.Жатқанбаева, т.б-лардың басшылығымен жүргізілді. Сондай-ақ зоология проблемалары ҚазҰУ мен облыс орталығындағы университеттердің биология факультеттерінде, мемлекттік қорықтар мен зоологиялық қорықшаларда, ұлттық табиғи саябақтарда зерттеледі.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақстан Республикасы Ғылыми Энциклопедиясы
  2. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған профессор Е. Арын – Павлодар: 2007 - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3