1902 жылы негізі қаланған сәттен бастап, Мадрид футбол клубы ақ форманы қабылдады. 1920 жылы Альфонс XIII патшасы жарлығымен клуб корольдік деп, эмбеламада королдік тәжді қоюды бұйырды. Команда 85,454-адамға дейін сиятын — Сантьяго Бернабеу стадионында өз алаңындағы ойындарын өткізеді.
Клуб € 3.24 млрд ($ 3,65 млрд) құнымен әлемдегі ең маңызды спорттық тобы және ең жоғары табыс әкелетін (€ 577 млн жылдық түсім) болып келеді. Клуб ұзақ уақыт бойы көптеген командалармен бәсекелеседі. Олардың ішінде Эль Классико — "Барселонаға" және Мадрид дербиі — "Атлетико Мадридке" қарсы.
1896-ші жылы кейіннен аты Реалға ауыстырылған «Футбол скай» клубы ашылды. Алайда ресми түрде Реалдың тарихы 1902 жылдың 6 наурызында Падрос және Хулиан Паласиостардың ашқан Madrid Football Club атты клубынан басталады. 1920 жылдың 29 маусымында Испания патшасы Альфонс XIII клубқа Патшалық деген атақ берді, ал испанша патшалық деген Real деп аталады. Осыдан клубтың қазіргі аты — Real Madrid.
Құрылған күнінен бастап-ақ, клуб испандық футболдың көшбасшыларының қатарына ілікті: 1903 жылдың өзінде Испания кубогының финалына шығып, «Бильбаолық Атлетик клубынан» ұтылды. 1905-ші жылы Реал ақыры кубокты алып, кейін 4 жыл қатарынан жеңіп алды. Испания Чемпионаты тек 1928 жылдан бастап өткізілді, ал оған дейін клуб округтік сайыстарға ғана қатысатын, осы уақыт арасында Реал бұл сайысты 16 рет ұтып алды.
Өркендеу
Өткен жүз жылдықтың 50-шi жылдарының ортасында Еуропада футболдан континенттік федерация құруға шешім қабылданады, федерацияға клубаралық және ұлттық құрамалар араларындағы тұрақты сайыстарды ұйымдастыру жұмыстары жүктелді. Ол кезде мадридтік «Реал» Испаниядағы басты авторитет болған емес, соған қарамастан «Реал» 1954/55 жылдардағы біріншілікті жеңіп, Еуропа чемпиондарының кубогында бірінші испандық делегат болады. Сол кезден бастап «Реал» еуропалық жоғары сатыда 5 жылға тұрақталады. Халықаралық аренадағы жетістіктерге ішкі чемпионаттағы жеңістер де қосылды, 1954-1969 жылдар аралығында олардың саны 12-ге жетті. 15 жылға орай мадридтіктер испан біріншілігінде жеңілсе де, міндетті түрде Чемпиондар Кубогын жеңетін.
Сөйтіп, олар 15 жыл қатар еуропалық ең престижді турниріне қатысқан, тек 1970 жылы ғана алғаш рет енбей қалады. Сол алтын дәуірде «Реалда» аргентиндық Альфредо Ди Стефано (1957 және 1959 жылдың үздік футболшысы), француз Раймон Копа (1958 жылғы "Алтын Доп" иегері), венгр Ференц Пушкаш (1960 жылғы Еуропаның екінші футболшысы), Франсиско Хенто (Чемпиондар Кубогының алты мәрте иегері) өте жарқын ойын көрсетеді. 60 жылдардың ортасында Хентомен бірге Хосе Сантамария, Амансио, Пирри ойнайтын.
Біртіндеп ардагерлер кету салдарынан, Еуропадағы жеңіс дәстүрлері жоғала бастайды. Эмилио Бутрагеньо бастаған жаңа буын келгенше, келесі самғауды 20 жылға жуық уақыт күтуге тура келді. Оның жақын сыбайластары Мичел, Уго Санчес, Маноло Санчис, Мартин Васкес және Мигель Пардеса болды. Олар екі УЕФА Кубогын және қатарымен бес чемпионатты ұтып алады.
Ғасырлар тоғысы мен жаңа ғасырда
1998 жылы клуб араға 32 жыл салып Юпп Хайнкестің басшылығымен УЕФА чемпиондар Лигасын ұтып алды. 2000 жылы Чемпиондар лигасы тарихындағы тұңғыш испандық финалда "Валенсияны" ұтып, сегізінші рет турнирде топ жарды. Сол жылы жазда өздерінің бітіспес қарсыласы "Барселонадан" 56 млн долларға Луиш Фигуды сатып алды. 2001 жылы Зинедин Зидан, 2002 жылы Роналдо, 2003 жылы Дэвид Бекхэм, 2004 жылы Майкл Оуэн секілді жұлдыздар клубқа келіп қосылды.
2002 жылы "Байерді" финалда 2:1 есебімен ұтып, Чемпиондар лигасын тағы да жеңгенімен, келесі маусымдарда клуб күшеюдің орнына әлсірей бастады, 2003, 2004 жылдары осы турнирдің ширек финалында сүрінді, сосын қатарынан жеті маусым 1/8 финалдан аса алмады.
2009 жылы екі ірі трансфер жасады: 93 млн долларға португалиялық Криштиану Роналду, 68 млн. долларға бразилиялық Каканы сатып алды. Онымен клуб бәрібір күшеймеді, 2009/10 жылғы Чемпиондар лигасында 1/8 финалда "Олимпик Лионнан" ұтылып қалды. 2010 жылы клуб тізгінін Жозе Моуриньо ұстады, бірақ 2010/11 жылғы маусымның күзінде Эль Класикода "Барселонадан" 0:5 есебімен ұтылды. Ал Чемпиондар Лигасының жартылай финалында (араға сегіз жыл салып жартылай финалға шықты) тағы "Барселонадан" ұтылды (үйде 0:2, сыртта 1:1).
2013 жылы клубтан Моуриньо кетті де, орнына Карло Анчелотти келді. 2013/14 жылғы маусымда финалда "Барселонаны" ұтып, Испания кубогын, "Атлетико Мадридті" тізе бүктіріп, Чемпиондар лигасында топ жарды. 2015 жылы бәрібір клубтың сүреңсіз нәтижелерінен соң Анчелотти де кетті, орнына келген Рафаэль Бенитес те команданы бір ізге түсіре алмады. 2016 жылдың басында француз Зинедин Зидан уақытша бапкер болды да, клубтың алтын дәуірі басталды. 2016-18 жылдар аралығында Зидан жаттықтырған клуб қатарынан үш рет Чемпиондар кубогында, қатарынан екі жыл УЕФА суперкубогында, Клубтар арасындағы әлем біріншілігінде жеңімпаз атанды.
2018 жылы қатарынан үшінші жыл Чемпиондар лигасын ұтқан соң Зидан өз еркімен бапкерліктен кетті. Сол жылы шілде айында Роналду "Ювентуске" ауысты да, кеткен бапкер мен шабуылшының орны анық білініп, 2018/19 жылы Испания чемпионатында 3-орында қалды, ал Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында "Аяякстен" өз алаңында 1:4 есебімен оңбай ұтылды. 2018 жылдың жазы мен 2019-дың көктеміне дейін клуб үш рет бапкер ауыстырды (Хулен Лопетеги, Сантьяго Солари, сосын 2018 жылы наурызда қайта оралған Зидан), бәрібір 2018/19 жылғы маусымды ешқандай жүлдесіз ақтады.
Стадион «Сантьяго Бернабеу» деп 1943-1975 жылдар аралығындағы «Реал Мадрид» президенті атымен аталды. Бернабеу жаңа стадион құрылысының бастаушысы болды. Құрылыс 3 жылға созылды. Ашушы ойын португалдық "Белененсиш" клубына қарсы достық ойынымен өтті, кездесу 1947 жылдың 14 желтоқсанында өтіп, Реал 3-1 есебімен жеңіске жетті.
1950 жылдарда Реалдың Еуропа чемпиондары Кубогында жақсы ойынының әсерінен, клубтың қаражаты өсіп, стадион сыйымдылығын 12500 орынға көбейтуге мүмкіндік туды. Ғимарат өзінің ақ мұнараларымен әйгілі. 1955 жылы стадион «Сантьяго Бернабеу» атанды, ал 1957 жылы Еуропа чемпиондары Кубогының финалында, әлемде бірінші рет болып жасанды прожекторлар іске қосылды.
1978 жылы қайтыс болған Сантьяго Бернабеу, Мадрид солтүстігінде жаңа стадион салуды ойластырып жүрген, бірақ ол жүзеге аспады. Алайда 1982 жылғы Әлем чемпионатына «Сантьяго Бернабеу» реконструкциядан өтті. Реконструкциядан кейін отырып көретін 30200 орын және тұрып көретін галереялар қосылды. Толығымен 60000 адам футболды тамашалай алатын. Стадион турнирдың 3 группалық ойынының және финалды қосқанда 345000 көрерменді қарсы алды. Он жыл өтті: реконструкция жалғасып жатты. Трибунаның үшінші қабаты салынып бітті. Отырып көретін орын 65000-ге өсіп, жалпы сыйымдылық 105000 орынға өсті. Тағы бір реконструкциядан кейін стадион одан ары жайлы болып, бірақ сыйымдылық 74871 көрерменге азайды.
«Бернабеуде» 1964 жылғы Еуропа чемпионатының финалы және 2012 жлы УЕФА Чемпиондар Лигасының финалы өтті. 2007 жылдың 14 қарашасында «Бернабеуге» дегдарлыУЕФА футбол стадионы атағы берілді.
Мекен-жайы — Concha Espina, 1 28036 Madrid.
Сайыстарғы қатысу статистикасы
2008 (2011) жылдарғы сәйкес информация
Испания чемпионаты
Мадридтік «Реал» «Барселона» және «Атлетик Бильбаомен» қатар Футболдан Испания чемпионатының барлық 80 маусымында өнер көрсетті.
32 рет бірінші болды, 20 рет - екінші, 7 рет - үшінші, бәрін қоса 59 рет жүлдегер атанды. 8 рет тұғырға бір қадам жетпеді, бесінші болып 3 рет, алтыншы болып - 4 рет, жетінші болып - 2 рет, сегізінші болып - 1 рет, тоғызыншы болып - 2 рет, оныншы болып - 1 рет, он бірінші болып - 1 рет (1948 жылы) келді.