Социалистік жарыс

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Социалистік жарыс белгілерінің бірі "Победитель соцсоревнования. 1978г."

Социалистік жарыс[1] - социализм тұсындағы қоғамдық қатынас, қанаудан азат еңбектің таза сипатын көрсететін объективті заңдылық; социалистік қоғам дамуының қозғаушы күштерінің бірі, еңбекшілердің материалдық және рухани игіліктерді өндіруде неғұрлым жоғары табыстарға жету жолындағы, коммунизм жеңісінің шешуші шарты ретінде Еңбек өнімділігін мейілінше жоғары сатыға көтеру жолындағы жаппай қозғалысы. Халық шаруашылығын жоспарларын орындау, өнім сапасын жақсарту, ғылыми-техникалық прогрестің қарқынын арттыру, өнім шығаруға жұмасалатын материалдық және еңбек шығындарын кеміту жолындағы еңбекшілердің инициативасы социалистік жарыстан анық көрінді.

Қазақстандағы социалистік жарыстың дамуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанда социалистік жарыс өз дамуында әр түрлі кезеңдерден өтті; бұлар жарысты ұйымдастырудың мазмұнындағы, түрлері мен әдістеріндегі елеулі өзгерістерімен сипатталды. 1929 жылы Қазақстанда жұмысшы табының 70%-і социалистік жарысқа қатысып, жұмысшылардың 25-30% -і екпінді бригадаларда еңбек етті. 1937 жылы Қазақстан өнеркәсібінің, транспорты мен құрылыстарының 255 ірі кәсіпорындарында 30,7 мың адам, яғни жұмысшылардың 57% -і ең жақсы өндірістік көрсеткіштерге жету үшін жарысты. Ауыл шаруашылығындағы еліміздің өнеркәсіп орталықтарынан ауыл-селоға көмекке келген атақты "жиырмабесмыңшылар" бастады (1930). 1936 жылы 200 тракторшы маусымына 500 га жер жырту үшін жарысқа шықты (ол кезде республика бойынша орта көрсеткіш 388 га еді). 1937 жылы ауыл шаруашылығының 130 жаңашылы социалистік жарыста үздік шыққаны үшін КСРО ордендерімен, 2007 озат колхозшы мен МТС, совхоз жұмысшысы "Қазақ АССРінің 15 жылдығы" белгісімен наградталды.

Қазақстанда социалистік жарыстың бастамашылары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1936 жылы ақпанда Кремльде болған Бүкілодақтық стахановшы-малшылар кеңесіне қатысқан, еліміздің маңдай алды сауыншысы Оңғарбаева Салиха Қазақстан малшылары атынан Солтүстік Кавказ өлкесінің ауыл шаруашылық еңбеккерлерін социалистік жарысқа шақырды. Сол жылы мамырда жарыс шартына қол қойылды. Колхоздар мен совхоздардың, МТС-тердің, бригадалар мен фермалардың алған социалистік міндеттемелерінің орындалуын тексеретін екі жақты комиссия құрылды. Мұның өзі Советтік Қазақстанның ауыл шаруашылық саласында 2 -бесжылдық жоспарды ойдағыдай орындауын қамтамасыз етті.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі социалистік жарыс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ұлы Отан соғысы жылдарында жарыстың басты мақсаты майданға барынша көп көмек беруде болды да "Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!" деген бүкілхалықтық ұран көтерілді. Аз кісімен көп өнім шығаруға мүмкіндік беретін түрлері шықты (екіжүзшілер, мыңшылар қозғалысы, көп станокта жұмыс істейтіндер, бірнеше мамандықты қоса атқаратындар бастамасы, майдандық бригадалар құру т.б).

Ұлы Отан соғысынан кейінгі социалистік жарыс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығын тез қалпына келтіру ең негізгі экономикалық міндет ретінде алға қойылды. Социалистік жарыс алдымен осы міндетті шешу тұрғысынан ұйымдастырылды. Кәсіпорын, цех, учаске, бригада ұжымдарының техникалық-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту, тәртіп пен жолдастық өзара көмекті күшейту жолындағы қозғалысы өрістеді. 1950 жылдардың аяқ шенінде Москва - Сортировочная депосы жұмысшыларының инициативасы бойынша коммунистік еңбек бригадалары атағын алу жолындағы социалистік жарыс басталды, сөйтіп жарыстың жаңа түрі - коммунистік еңбек бригадалары мен екпінділерінің қозғалысы өрістеді. 1950 жылдың аяғы, 1960 жылдардың бас кезінде Қазақстанда 6 мыңнан аса ұжым осы жоғары атақты жарыста жеңіп алу үшін күрес жүргізді. Вышневолоцк мақта-мата комбинатының озат бригадирі В.Гаганованың бастамасы бойынша өрістеген патриоттық қозғалыс жарыстың әсерлі түрлерінің бірі болды. Гаганова артта қалған бригадаға ауысып, оны алдыңғы қатарға шығаруға ұйғарды. Паритя бұл бастаманы жоғары бағалады. 1960 жылы 1 шілдеге дейін жоғары мамандғы бар 40 мыңнан аса бригада, цех, кәсіпорын басшылары артта қалған ұжымдарға көшіп, оларды озаттар қатарына теңеді. Соның ішінде Қарағанды көмір шахталарының, Теміртау және Жезқазған металлургия, Шымкент қорғасын зауыттарының, Өскемен титан-магний комбинатының, Алматы тігін фабрикасы мен мақта-мата комбинатының, транспорт пен құрылыс кәсіпорындарының 2 мыңдай бригадирлері мен өндіріс басшылары болды.

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. ҚазССР. Қысқаша энциклопедия, 2-том. Алматы - 1987.