I Ахмет
I Ахмет осман. آحمد اول — Âhmed-i evvel Мүміндер әмірі Екі киелі қаланың қызметкері | |||
Лауазымы | |||
---|---|---|---|
| |||
21 желтоқсан 1603 — 22 қараша 1617 | |||
(Лақап аты Бақытты I Ахмет) | |||
Ізашары | III Мехмет | ||
Ізбасары | I Мұстафа | ||
Өмірбаяны | |||
Мамандығы | Ақын, зергер | ||
Діні | Ислам | ||
Дүниеге келуі | 18 сәуір 1590 Маниса, Османлы мемлекеті | ||
Қайтыс болуы | 22 қараша 1617 (27 жас) Константинополь, Османлы мемлекеті | ||
Жерленді | I Ахмет мазары, Ыстамбұл | ||
Династия | Османлы әулеті | ||
Әкесі | III Мехмет | ||
Анасы | Хандан сұлтан | ||
Жұбайы | Махфируз Қадиша сұлтан Көсем сұлтан Фатима қатын | ||
Балалары | Ұлдары: II Осман Мехмет шаһзада Орхан шаһзада Жиһангір шаһзада Сәлім шаһзада Хасан шаһзада Құсайын шаһзада IV Мұрат Баязит шаһзада Сүлеймен шаһзада Қасым шаһзада Ибраһим Қыздары: Айша сұлтан Фатима сұлтан Гауһархан сұлтан Қадиша сұлтан Ханзада сұлтан Есма сұлтан Захиде сұлтан Әтике сұлтан Әбиде сұлтан Зейнеп сұлтан | ||
Қолтаңбасы | |||
I Ахмет Ортаққорда | |||
өңдеу |
I Ахмет (осман. آحمد اول — Âhmed-i evvel; ақындық лақап аты — Бахти (түр. Bahtî); 18 сәуір 1590 — 22 қараша 1617) — Османлы мемлекетінің 14-ші сұлтаны, Ислам халифатының 79-шы халифі, ақын, зергер.
I Ахметтің сұлтанаты бір қатарлы емес: бір жақтан — сыбайлас жемқорлық жойылды, Сафие сұлтанның ықпалы әлсіреді, Жалалилер бүлігі басылды, Ыстамбұлдағы ең ірі мешіт Сұлтанахмет мешіті салынды; басқа жақтан — жер ауданы кеміді, Габсбургтардың императорлық атағы мойындалды, Аустрия алым-салықтан босатылды. Бірақ Ахметтің басқа сұлтандармен салыстырғанда адамгершіліктірек, діншілірек, тақуалырақ екені даусыз. Бұған таққа отырғаннан кейін інісі Мұстафаны аяғаны, Інжу моншақ дүңгіршегінен мүсіндерді алып тастауы, Ыстамбұл өртінде бір үйдің өртін өзі сөндіргені дәлел.
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]I Ахмет 1590 жылы Манисада дүниеге келді. Өзінің ізашарларынан айырмашылығы — санжақбей болып тағайындалмай, таққа отыруына дейін тек сарайда ғана өмір сүрді.
21 желтоқсан 1603 жылы 13 жасында таққа отырды. Таққа отыру рәсімінде өзінің жасына қарамастан, Осман Ғази қылышын жеке өзі беліне байлап, биік таққа уәзірлердің көмегісіз отырды. Рәсімнен кейін жаңа жас сұлтан уәзірлерімен кеңесіп, жаңа шеріктер мен басқа жауынгерлерге жалақы төлеп, пәтерлерге орналастырды. Содан кейін ол ат үстінде Константиние көшелерімен жүріп, османлы халқына өзін көрсетті.
Марқұм әкесінде өзінен басқа тағы бір ұлы тірі қалды — Мұстафа шаһзада. Алайда оның есі ауысқандықтан ол ағасының тағына еш қауіп төндірген жоқ. Сондықтан I Ахмет өз інісін өлім жазасына кеспеді. Бірақ сарайда да қалдырмады — кафес павильонына қамап, өмірінің соңына дейін, сол жерде ұстап отырды.
Келесі күні I Ахмет өз әкесінің жаназасына қатысты, тіпті жаназа намазын басқарды. Кейін I Ахмет әкесі III Мехметке арналған Әулие Софья мешітінің жаңында мазар салып, сонда жерледі.
1605 жылы I Ахмет Інжу моншақ дүңгіршегінде орналасқан, Томас Даллам орнатқан механикалық органды жойды. Себебі, сол органда I Ахметтің діни сезімін қорлайтын мүсіндер орнатылған. Сұлтанның ойынша, мүсіндер ислам діні таралған жерден гөрі пұтқа табынушылардың ғибадатханаларында орналасу керек. Бұл оқиға I Ахметтің әкесіне қарағанда діншілірек болғанын дәлелдейді.
Жемқорлықпен күресі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]I Ахмет өз әжесі Сафие сұлтанды Топқапы сарайынан Ескі сарайға қуды. Себебі, сұлтанға Сафие сұлтанның билікқұмарлығы ұнамады. Соның кесірінен III Мұрат пен III Мехмет тұсында сарайда дырду өмір салты қалыптасып, әскер әлсіреп, ел экономикасы дағдарысқа ұшырай бастады. Билікте жемқорлық орын алды, және сол кездегі әр лауазым үшін шенеуніктер ақша төледі. Сол тәртіпсіздікті басу үшін I Ахмет өз билікқұмар әжесін Ескі сарайға қуып, сатылғыш шенеуніктерді биліктен тайдырды.
Сұлтан бала кезінен билікқұмарлықтың жаман жағын көргендіктен, сол бейберекетті жоюға тырысты. Тіпті өз анасы Хандан сұлтанды да билікке жолатпады. Сонымен Хандан сұлтан өз ізашары Сафие сұлтандай беделді бола алмады. Ал 1605 жылдың 26 қарашасында ол белгісіз себеппен сарайда қайтыс болды. Сұлтан өзін нағыз билеуші екенін көрсету үшін өзінің әлсіздігін құлдарына көрсеткісі келмей, жаназадан кейінгі келесі күні Жалалиларға қарсы жорыққа шықты. Алайда халық сұлтанның осы қылығын анасына деген немқұрайлық деп бағалады. Сондықтан жұрт арасында жас сұлтан жайлы жаман өсектер тарай бастады. 1602-1605 жылдары Константиние зынданында отырған ағылшын саяхатшысы Томас Шерли бұл оқиға жайлы былай дейді:
Сұлтан өз анасын аямай, оны 1605 жылдың тамызында уландырды. |
Шешек ауруы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бірнеше жыл өткен соң I Ахмет шешек ауруына шалдықты. Кейбір уәзірлер сұлтанның өліміне сенімді болып, I Ахметтің інісі Мұстафа шаһзаданы Ескі сарайдан Топқапы сарайына таққа отырғызу үшін әкеледі. Алайда сұлтан тез жазылып, сол қастандыққа қатысқанның барлығын жазалады. Алғаш рет 12 жасында таққа отырған II Мехметті санамағанда, 13 жастағы I Ахмет ең жас сұлтан болатын. Және де ол таққа отырғанға дейін бала сүймеген. Кейбір тарихшылар сұлтанның сол кемшілігін інісі Мұстафаны аяу себебі болып табылатынын тұжырымдайды. Алайда бұл тұжырым дұрыс емес, себебі 1604 жылдың 3 қарашасында I Ахметтің бірінші баласы Осман (келешектегі II Осман) дүниеге келгенде, сұлтан өз інісін өлім жазасына кеспеді.
Аустрияға қарсы соғыс
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1605 жылы Аустрияға қарсы соғыс барысында I Ахмет әскерді өзі бастап, сол жылдың 3 қазанында Эстергом бекінісін алды. Алайда Жалалилердің және Сириядағы төңкерістер османлылардың Габсбургтермен 1606 жылдың 11 қарашасында Житваторок келісімін жасауға мәжбүрлетті. Келісім бойынша, османлылар енді Аустрияға алым-cалықты төлеттірмеді, және ең бастысы, Габсбургтердің императорлық дәрежесін мойындады.
Босняк Дәруіш Мехмет паша
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1606 жылдың соңында садрағзам болып тағайындалған Босняк Дәруіш Мехмет паша I Ахметтің бала кезінен бері тәлімгері болған. Оның сұлтанға деген әсері соншалық, I Ахмет оны басында сұлтан бөлмесінің қорғаушысы, кейін Дария капитаны (осман. کاپیتان دریا — kapitan-ı derya), яғни Османлы флотының басшысы етіп тағайындады. 1606 жылы османлы садрағзамы Соколлызада Лала Мехмет паша мен дария капитаны Босняк Дәруіш Мехмет паша арасында жанжал туды. Садрағзам белгісіз себеппен қайтыс болып, 1606 жылдың 21 маусымында келесі садрағзамдық Дәруіш пашаға бұйырды. Садрағзам болған соң, Дәруіш паша шейх үл-ислам Суннулла әпендіні орнынан босатады. Оның себебі, шейх үл-ислам Дәруіш пашаның шынайы бейнесін сұлтанға айту ниеті. Жаңа садрағзам қарапайым елордалықтардан салық жинай бастады, ал жаланың бәрін садрағзам бұйрығымен оған сарай салып жатқан еврей көпес-мердігерге артуға қалады. Дәруіш пашаның мемлекеттік істерді қалай шешетіндігі және заңсыз салық жинауы бұқара халыққа ұнамай, шағым I Ахметтің құлағына дейін жетеді. 1606 жылдың 11 желтоқсанында дуан кеңесінің отырысында I Ахмет садрағзам Босняк Дәруіш Мехмет пашаны өлім жазасына кесті.
Константинополь өрті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1606 жылдың күзінде османлы елордасы Константинопольде үлкен өрт болды. Бұл өрт қаладағы еврей кварталын тұтастай өрттеп жіберді. Сол өрттердің бірін I Ахмет өзі сөндірді. Ноулз сол оқиғаны былай сипаттайды:
Анда-мында қашып жүрген адамдардың осындай шуы мен әбігерінен және өрт сөндіруінен Ұлы Сұлтан аттан құлап, біраз уақыт ауырып жүрді. |
Иранға қарсы соғыс
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сефевидтер шаһы I Аббас османлылардың Жалалилер төңкерісін басып жүргенін пайдаланып, османлы гарнизондарын Әзірбайжан, Грузия және т.б. жерлерден қуды, тіпті османлылардың иеліктеріне шабуыл жасай бастады. 1611 жылы садрағзам болып тағайындалған Насух паша 1612 жылы сефевидтермен келісімге отырды. Бітім шарт бойынша османлылар сефевидтердің жаулауларын мойындады. Алайда бұл бітім шарттың бекітілуіне дейін I Ахметтен екі грузин князьдері көмек сұрады. Сондықтан I Аббас османлыларға тағы шабуыл жасады, ал османлылар бұл қылықты бітім шарттың бұзылуы деп қабылдады. Оның үстіне шаһ сұлтанның елшісін зынданға отырғызды. 1614 жылы османлы садрағзамы Насух паша өлім жазасына кесілді, ал жаңа садрағзам болып Өгіз Мехмет паша болып тағайындалды. 1616 жылы Өгіз Мехмет паша үлкен әскерді бастап, Ереванды қоршауға алды, алайда қоршау сәтсіз аяқталып, ол садрағзам лауазымынан тайдырылды.
Ажалы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]I Ахмет бала кезінен көп ауыратын, және өмірінің соңында да ол бөрітпе сүзек ауруына шалдықты. Ақыры, 1617 жылдың 22 желтоқсанында I Ахмет қайтыс болады. Мәйіті өзі салған Сұлтанахмет мешітінің жаңында арнайы салынған мазарда жерленді. Сұлтанның осылай ерте қайтыс болуы османлы үкіметінде мұрагерлік дағдарыс туғызды. Себебі, I Ахметте ересек ұл болған жоқ. Османлы әулетіндегі жалғыз ересек еркек I Ахметтің інісі Мұстафа шаһзада ғана болды. Сондықтан уәзірлер өзара кеңесіп, таққа Телі Мұстафаны отырғызды.
Сұлтанахмет мешіті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1606 жылы I Ахмет елордада үлкен діни кешен салуды ойластырды. Осы жұмысты сұлтан османлы сәулетшісі Мехмет ағаға тапсырды. Мехмет аға күллі әлемге танымал Мимар Синанның шәкірті болған, және ол өз тәлімгерін озуды армандады. 1609-1616 жылдары жаңа мешіттің құрылысы болды. 1616 жылы салынып біткен мешіт өзінің бастамашысы I Ахмет атымен "Сұлтанахмет мешіті" деп аталып кетті. Бұл мешіт Константиниедегі ең үлкен және ең басты мешіт болып саналады.
Мұнара саны бойынша мешіт сол кезде бәрін, тіпті Харам мешітін де озды. Бұнын себебі — кәдімгі абайсыздық. Сұлтан мешіт сәулетшісіне төрт "алтын мұнара" салуды бұйырғанда, сәулетші сұлтанды дұрыс түсінбей "алты мұнара" деп естіп, алты мұнара салды. Ол кезде Харам мешітінде тек бес қана мұнара болатын. Османлы мүфтияты осы құрылыстан кейін Харам мешітінің маңыздылығы кеміді деп есептеді, сондықтан сұлтан Харам мешітіне тағы екі мұнара қосып, олардың санын жетіге жеткізді. Осылайша Харам мешітінің маңыздылығы қалпына келді.
Атақтары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1612 жылы Польша патшасы Сигизмунд Вазаға жазған хатында I Ахмет өзінің атақтарын былай келтіреді:
Ең нұрлы Сұлтан Ахмет Хан, Алла Тағаланың рухани ұлы, барлық түріктердің, гректердің, бабылдықтардың, македондықтардың, сарматтардың патшасы, Үлкен және Кіші Мысырдың, Александрияның, Үндістанның әмірі, және барлық халықтардың тақсыры әрі патшасы, мырза әрі Мұхаммедтің нұрлы ұлы, киелі Көк Құдай Үңгірінің қорғаушысы әрі сақтаушысы, патшалар патшасы әрі тақсырлар тақсыры, тақсыр әрі мұрагерлер мұрагері. |
Келбеті мен мінезі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тарихшы Ноулз өзі жазған османлы тарихын 1610 жылда бітіреді. Ол кез I Ахмет билеген жылдарының жетінші жылы еді. Ноулздың шығармасы соңы I Ахметтің келбеті мен мінезі жайлы болады[1]:
Біз айтып жатқан және қазіргі кезде билеп жатқан Сұлтан Ахмет, жоғарыда айтылғандай, таққа отырғанда, шамамен, он бес жаста болатын, ал енді оған, шамамен, жиырма екі жыл болғанда, ол домалақ және толық жүзді, жалпы айтқанда, келбеті әдемі, алайда жүзінде шешек ауруының іздері қалды. Қоңыр-талшын түсті сақалы шоғыр-шоғырмен төрт әртүрлі жерде, яғни әр бетінде және әр иегінде бір-бірден өсіп жатыр... Ол ойдағыдай пішілген, таза түсті жүзімен ерекшеленеді және әкесі Мехметтей толықтыққа бейім, күшті, берік әрі көңілді... Ол сезімталдық пен ләззатқа берілген, сондықтан ол өзін әкесі секілді құртады деген үміт бар... Осы күңдерінен төрт баласы бар: екі қыз, екі ұл. Үлкен ұлына, шамамен, бес жыл. Ол аңшылыққа, әсіресе саятқа және ләззатқа мейлінше рақаттанады. |
Өнері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]I Ахмет ақын болған, және оның Бахти (түр. Bahtî) деген ақындық лақап аты да болған.
Тарихшы Ноулз I Ахметтің мүйізді жүзік жасау өнері жайлы айтады. Сонымен қатар тарихшы османлы әдеті бойынша әр шаһзада балалық шағынан бір өнерді меңгеру керек екендігін де айтады:
Әр османлы шаһзаданы өз діндерінің заңдары күн сайын бір қол кәсібін қолдануға және онымен шұғылдануға міндеттейді, және сол себепті сұлтан Мехмет жебе жасаумен шұғылданды, ал оның бұл баласы Ахмет мүйіз жүзіктер жасайды. Садақ ату кезінде адырнаны тарту ыңғайлырақ болу үшін түріктер бұл жүзіктерді бармақтарына киеді. Мүйіз жүзік жасау әдетін сұлтан қызғанышпен бұзбайды. Таң сайын сұлтан таң намазын оқыған соң бұл кәсіппен шұғылдана бастайды. |
Садрағзамдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]№ | Есімі | Қызмет атқарған мерзімі | Уақыты |
---|---|---|---|
68 | Малқош Жауыз Әли паша | 21 желтоқсан 1603 — 26 шілде 1604 | 8 ай |
69 | Соколлызада Лала Мехмет паша | 5 тамыз 1604 — 21 маусым 1606 | 2 жыл |
70 | Босняк Дәруіш Мехмет паша | 21 маусым 1606 — 9 желтоқсан 1606 | 6 ай |
71 | Қойшы Мұрат паша | 11 желтоқсан 1606 — 5 тамыз 1611 | 5 жыл |
72 | Насух паша | 5 тамыз 1611 — 17 қазан 1614 | 3 жыл |
73 | Өгіз Мехмет паша | 17 қазан 1614 — 17 қараша 1616 | 2 жыл |
74 | Дамат Халил паша | 17 қараша 1616 — 22 қараша 1617 | 1 жыл |
Өнерде
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- «Махпейкер» фильмі (2010 жылы, I Ахмет рөлінде — Көкхан Мүмжі)
- «Ғаламат ғасыр: Көсем дәуірі» телехикаясы (2015-қ.у., I Ахмет рөлінде — Екин Көш)
Естелік
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Ыстамбұлдағы Сұлтанахмет ауданы.
- Ыстамбұлдағы Сұлтанахмет алаңы.
- Ыстамбұлдағы Сұлтанахмет мешіті.
- Ыстамбұлдағы I Ахмет мазары.
Қызықты деректер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- I Ахмет — ізбасары баласы емес інісі болған алғашқы сұлтан.
- I Ахметтің үлкен ұлы II Осман әкесі секілді 13 жаста таққа отырды, ал ортаңғы ұлы IV Мұрат әкесі секілді 27 жаста аурудан қайтыс болды. Үшеуі де бала жаста таққа отырып, жастық шақта қайтыс болды.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Сұлтан I Ахмет Мұрағатталған 21 маусымның 2016 жылы.
Ұлы Османлы Мемлекетінің сұлтандары | ||
---|---|---|
Ізашары III Мехмет |
I Ахмет 21 желтоқсан 1603 — 22 қараша 1617 |
Ізбасары I Мұстафа |
I Осман · Орхан · I Мұрат · I Баязит · Сұлтанаралық · I Мехмет · II Мұрат · II Мехмет · II Мұрат · II Мехмет · II Баязит · I Сәлім · I Сүлеймен · II Сәлім · III Мұрат · III Мехмет · I Ахмет · I Мұстафа · II Осман · I Мұстафа · IV Мұрат · Ибраһим · IV Мехмет · II Сүлеймен · II Ахмет · II Мұстафа · III Ахмет · I Махмұт · III Осман · III Мұстафа · I Әбділхамит · III Сәлім · IV Мұстафа · II Махмұт · I Әбділмәжит · Әбділғазиз · V Мұрат · II Әбділхамит · V Мехмет · VI Мехмет · II Әбділмәжит (соңғы халиф) | ||
Әулет · Шежіре · Санат |