Психология тарихы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Психология тарихыпсихика туралы алғашқы ғылыми түсініктер Ежелгі дүниеде (Үндістан, Египет, Қытай), философия қойнауында пайда бола бастады.

Бұл түсініктердің дамуына қоғамдық практиканың; емдеу мен тәрбие салаларының сұраныстары себепші болды. Ежелгі заман дәрігерлері психиканың ағзасы ми екенін анықтап, темпераменттер туралы ілімді дамытты. Антика дәуіріндегі психологияның ұшар шыңы Аристотельдің ілімі болған еді: ол тіршілік ете алатын материалдық дененің ұйымдастырылу нысаны деп ұғындырды. Ол объективтік және генетикалық әдістер негізінде тұжырымдалған психологиялық ұғымдардың алғашқы жүйесін баяндады. Эллиндік кезеңде тіршілік принципі оның белгілі бір көріністеріне айналды. Феодалдық дәуірде психика туралы ілім-білімдердің ілгерілеуі біраз бәсеңдеді. Тек орта ғасырда араб тілді елдердің озық пікірдегі ойшылдары мен дәрігерлері (Ибн Сина, Ибн әл-Хайсам, Ибн Рашид және т.б.) өздерінің жан туралы идеялары арқылы Батыс Еуропадағы жаратылыстық — ғылыми психологияның өркендеуіне жағдай жасады; осының нәтижесінде олар адамды жаратылыстың заңдарына бағынатын табиғи тіршілік иесі ретінде тәжірибелік жолмен зерттеуге мұрындық болады. Буржуазиялық революциялар мен материалистік дүниетанымның өркендеу дәуірінде психологиялық әрекетке принципті тұрғыдан жаңа көзқарас қалыптасты, енді ол детерменизм ұстанымымен ұғыңдырылып, түсіндірілетін болды. Әлеуметтік-экономикалық өзгерістер барысында психологиялық білімдердің дамуына жол ашылып, ХVII ғасырда жантану ғылымы бірқатар ілгері категориялармен толықты. Р.Декарт мінез-құлықтың рефлекстік табиғатын ашты, жан туралы ұғымды субъектінің өз психикалық актілерін тікелей білуі ретіндегі ұғымға айналдырды.

Нақ осы дәуірде өте маңызды бірқатар психологиялық ілімдер жарық көрді. Олар жан құбылыстарының байланысын анықтайтын байланыс ретіндегі ассоциациялар туралы (Р.Декарт, Т.Гоббс), аффектілер туралы (Б.Спиноза), апперцепция туралы (Г.Б.Лейбниц), білімнің сезімдік тәжірибеден туындайтыны туралы (Дж.Локк) ілімдері қалыптасты. Ағылшын дәрігері Д.Гартлидің ассоциация принципі жүз елу жыл бойында психологияның басты түсіндірмелік ұстанымы болды. ХІХ ғасырда физиологияның қойнауында психикалық функцияларды зерттеудің эксперименттік әдістері пайда болып, бұл функцияларды талдауға сандық бағалауды енгізу тұрғысында алғашқы әрекеттер жасалды (Э.Г.Вебер, Г.Т.Фехнер, Г.Гелъмгольц). Дарвинизм психикалық функцияларды биологиялық жүйелердің нақты факторы ретінде зерттеу қажеттігін көрсетті. ХІХ ғасырдың 70—80-жылдарында психология білімнің өз алдына бөлек саласына айналды. Психологиялық зерттеулердің басты-басты ғылыми орталықтары, арнаулы эксперименттік лабораториялар пайда болды. Мұндай алғашқы лабораторияны 1879 жылы Лейпцигте В.Вундт ұйымдастырды. Оның үлгісі бойынша осындай мекемелер Англияда, АҚШ-та, Францияда, Ресейде пайда болды. Психологияны объективті әдіс негізінде зерттеудің дәйекті бағдарламасы ұсынылады.

Дүниежүзілік психологиялық ғылымда объективтік әдістердің кеңінен қолданылуы нәтижесінде эксперименттік-психологиялық жұмыстар жүргізілді. Эксперименттік психологияның басты тақырыптары бастапқыда түйсіктер мен реакция уақыты (Ф.Дондерс), одан әрі — ассоциациялар (Г.Эббингауз), зейін (Дж.Кеттел), эмоциялық күйлер (У.Джеймс, Т.А.Рибо), ойлау мен ерік (Вюрцбург мектебі, А.Бине) болды. Психологиялық процестердің жалпы заңдылықтарын іздестірумен қатар, дифференциалдық қалыптасып, оның міндеті өлшеу әдістері арқылы арасындағы даралық ерекшеліктер анықтала бастады. Психологияның инженерлік, әлеуметтік және медициналық ХХ алғашқы ширегінде жан қуаттарының заңдылықтарын зерттеумен айналысатын психология ғылымының дағдарысы айқын байқала бастады. Тәжірибе арқылы алынған есептеу көп нақты материалдар сана құбылыстарын теориялық тұрғыдан дұрыс түсіндіріп бере алмады. Алынған деректердің практика үшін елеулі маңызы бола тұрса да, осы ғылымның әдіснамалық (методологиялық) астары әлсіз болып психологияда бір-біріне қарама-қайшы бағыттар пайда бола бастады. Соның бірі – америка психологі Дж.Уотсон (1878-1958) негізін салған бихевиоризм; бағыты еді. Бихевиористер психиканы мінез-құлықтың әртүрлі көріністері организмнің сыртқы әсерге; (стимул) қайтаратын жақсы реакцияларының жиынтығы деп түсіндірді.

Сана құбылысын тікелей зерттеуге болмайды деп, оның сыртқы ортаны танып-білудегі рөлін жоққа шығарды, адам мен жануар психикасының елеулі айырмашылықтарын мойындамады. Бихевиористер тәжірибе жасауға үлкен мән берді, жануардың мінез-құлқын математикалық жолмен зерттеп, оларды дағдыландыруда елеулі табыстарға жетті. Бірақ психикалық құбылыстар шын мәнін теориялық тұрғыдан дұрыс түсіне алмай, кейіннен ғылым сахнасынан шығып қалды. Осы кезеңде жан қуаттарының құрылымын тұтастай зерттеудің қажеттілігіне ерекше мән берген гештальтпсихология («гештальт» неміс сөзі, қазақша «бейне», «түр»), құрылым деген ұғымдар бағыты пайда болды. Оның негізін салған Макс Вертгеймер (1880-1943), Вольфганг Келлер (1887-1967), Курт Коффка (1886-1940), Курт Леви (1890-1947) т.б. еді. Олар сананың ұсақ элементтерге бөлінуіне қарсы шығып, жан құбылыстарының тұтастығын, олардың өзіндік сапаларының (тұтастық, тұрақтылық, құрылымдық, фигура мен фонның арақатынасы т.б.) ерекшеліктерін көрсетті. Мәселен, бір күйді жоғары не төмен дыбыстармен тартқанмен, тыңдаушы дыбыстардың неше түрлі болуына қарамастан, бұлардың қай-қайсысын да бір мазмұнда қабылдайды.
Гештальтпсихология жан қуаттарының тұтастығын адамға әсер етуші заттармен байланыссыз, кісіге бастапқы кезден танылған жан құбылысы деп, осы бейнелердің сыртқы ортаның әсерінен туындап отыратынын еске алмады. Аталмыш кезеңде батыс психологиясында пайда болған негізгі бағыттардың бірі – фрейдизм еді. Осы ілімнің негізін қалаған Австрия психиатры Зигмунд Фрейд (1856-1939) жан дүниесіндегі санасыз әрекеттердің табиғатын зерттеді. Ол адам санасын қалыптасу жолын түс көру, гипноз, түрлі ырықсыз құбылыстарды зерттеу арқылы түсіндіруге болады деп адам психикасының дамуында биологиялық негізге – инстинктерге ерекше мән беріп, әлеуметтік фактордың рөлін жоққа шығарды. Фрейд құштарлық пен нәсіпқұмарлықты тіршіліктің арқауы деп ұқты. Жыныстық ләззат (либидо) алу шығармашылық іс-әрекет дамуының қозғаушы күші деп, сананың рөліне жете мән бермеді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Психология. Энциклопедиялық сөздік